Сарыағаш ауданы Өзбекстаннан су сатып алатын болды
Сарыағаш ауданында ауыз су проблемасын шешу үшін жергілікті билік өкілдері шекаралас Өзбекстан елінен су сатып алатын болды. Ауданға қарасты 30 елді — мекенге көрші елден ауыз су тартылмақ. Бұл үшін аудан әкімшілігі мен шетелдегі билік басындағылар бір келісімге келіп, арнайы жоба негізінде жұмыс атқаратын болды, деп жазады otyrar.kz.
Аптап ыстықта су тапшылығын сезінген азаматтар жаздың күні бөтелкелерін суға толтыруды әдетке айналдырған. «Судың да сұрауы бар» екенін мұндағы тұрғындар жақсы түсінгендей. Өйткені Сарыағаш ауданына қарасты Абай ауылындағы ағайынға ауыз су сағаттап қана беріледі. Ау сусыз қалмас үшін тұрғындар аз ғана уақыттың ішінде үйдегі бос ыдыстарға су жинап үлгеруі тиіс.
Ералы Сүлейменов, Абай аулының тұрғыны «Сағаттап қана су беріледі. Онда да түске дейін ғана. Кейін өшіріледі. Осынша халыққа жеткізу қиын. Бұған да рахмет».
Шалғай елді мекендерде ауыз су тапшылығы бар екенін жергілікті билік өкілдері жасырмай, жайып салды. Аудан әкімі Қайрат Амангелдіұлының сөзінше, 30 елді — мекенде су проблемасы бар. «Жылдың соңына дейін бұл проблема шешілуі тиіс» дейді әкім мырза. Бұл үшін жергілікті билік өкілдері көрші Өзбекстан елінен су сатып алмақ.
Қайрат Әбдуалиев, Сарыағаш ауданының әкімі: «Өзбекстанмен келісіп отырмыз, судың қаншадан сатып алу жөнінде мәселе шешіліп жатыр. Келісім бойынша жобалық жұмыстар жүргізіліп жатыр. 30 елді — мекенге Өзбекстаннан су тартылады. Біз Өзбекстан елімен шекаралас жатқандықтан, мәселені осылай шешуді жөн көрдік. Жылдың соңына дейін аудандағы әлеуметтік мәселелер 50 пайыздан — 60 пайызға дейін шешіледі деп жоспарлап отырмыз».
Айта кетейік, өзбекстандықтардан суды сарыағаштықтар сатып алатын болады. Көрші елден жеткізілетін судың нақты бағасы әлі белгісіз. Қазір әкімдіктегілер қаражат жағын көрші елмен қарастырып жатыр.