Денис Теннің қазасына байланысты ресейлік әріптестері көңіл айтты
Денис Теннің қазасы туралы хабар мәнерлеп сырғанау әлемі үшін күтпеген жағдай болды, деп жазады Хабар 24.
Ресейлік әріптестері қазақстандық талантты спортшыны тебірене еске алып, жақындары мен туған-туыстарына қайғырып, көңіл айтты.
Қаралы хабар ресейлік спортшылардың да қабырғасын қайыстырды. Жарқ еткен жас таланттың қыршыннан қиылғанына сенер-сенбесін білмеген әріптестері есеңгіреп қалғанын жасырмады.
– Мәнерлеп сырғанау әлемі үшін бұл орны толмас қаза болды. Денис – өте керемет адам еді. Тәрбиелі, әрдайым үлкенге құрмет, кішіге ізет танытатын. Мәнерлеп сырғанауда спортшылар өте көп. Бірақ Денис Теннің орны ерек еді, - деді Ресейдің еңбек сіңірген спорт шебері, мәнерлеп сырғанаушы Илья Авербух.
– Бұл тек жақындары мен туған-туыстары үшін ғана емес, күллі қазақ елі және мәнерлеп сырғанау әлемі үшін трагедия болып отыр. Мен Дениспен жақын араластым. Ол ақылды және мейірімді адам ретінде менің жадымда қалды, - дейді Ресейдегі мәнерлеп сырғанау федерациясының президенті Александр Горшков.
2004-2010 жылдар аралығында Денис Тен Мәскеу қаласында Елена Буянова және Татьяна Тарасованың жетекшілігімен жаттыққан болатын. Мәнерлеп сырғанаушыларға арналған оқу орталығының құрмет тақтасында оның бала кездегі фотосуреттері ілініп тұр. Ұстаздары дарынды шәкіртін тебірене еске алды.
– Ол өте ерекше бала еді. Шетелге Қазақстанды танытқысы келді. Өз Отанына деген махаббаты шексіз болатын. Қазақ елі Денисті қаншалықты құрметтейтінін білемін. Ол – шынында да нағыз халықтың баласы, - деді мәнерлеп сырғанау бойынша жаттықтырушы Елена Буянова.
– Ол әлі талай жетістікке жетер еді. Қайғылы хабардан есеңгіреп қалдық. Өкінішті, әрине, - деді мәнерлеп сырғанау бойынша жаттықтырушы Татьяна Тарасова.
Сондай-ақ спорт әлемінің танымал қайраткерлері Александр Жулин, Евгений Плющенко, Ирина Роднина, Дмитрий Соловьев Денис Теннің жақындары мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтты.