ШҚО-да мектептерді көмірмен қамтамасыз етуге қаржы тапшы
Облыстың бес ауданында білім беру мекемелерін көмірмен қамтамасыз етуге қаржы тапшы. Алдағы жылыту маусымы үшін облыстың білім беру мекемелері 1,68 миллиард теңгенің көмірін сатып алулары тиіс. Өңірдің он ауданы осы мақсатта келісім шарт жасаса, бесеуінде қаржы тапшылығы туындап отыр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұл жөнінде облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтановтың қатысуымен өткен өңірдің алдағы жылыту маусымын пысықтаған кезекті кеңесінде мәлім болды. Облыстық қаржы басқармасының басшысы Ләзиза Кенжетаеваның айтуынша,Тарбағатай, Зырян, Бородулиха, Бесқарағай және Күршім аудандарына 20-120 миллион теңге аралығындағы қосымша қаржы қажет.
– Көмірге қажетті сома аудан бюджеті үшін қомақты. Қаржыға қол жеткізу үшін көптеген шаралар жүзеге асырылуы тиіс. Арыздар қаралып, кеңестер өткізуге біраз уақыт кетеді. Қаржы уақтылы бөлінбей қалу қаупі бар. Жергілікті басшылықтың белсенділігі болса төмен,-деп атап өтті басқарма басшысы.
Облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтанов тиісті ведомстволарға бұл мәселені қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Жалпы, облыстағы 959 білім беру мекемелерінің 364-і ғана орталықтандырылған жылу жүйлеріне қосылған. Қалғаны жергілікті қазандық арқылы жылытылады.