Алакөлдің инфрақұрылымы жақсарып келеді
Алакөлдің Шығыс Қазақстан аумағындағы бөлігіне тынығуға келушілер қатары кейінгі жылдары күрт көбейді. Бұған соңғы екі жыл мұғдарындағы қомақты қаржы бөлініп, көл жағасына жүргізілген абаттандыру жұмыстары, демалыс үйлерінің ретке келтірілгені, автовокзал, сауда орындары, дәмханалар мен ойын-сауық нысандарының салынуы себеп болғаны анық деп жазады Егемен Қазақстан газеті.
Кәсіпкерлер көгалдандыруға қашан көңіл бөледі?
Дәл қазір Алакөл тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істеп тұр деуге болады. Жан-жақтан келген демалушылар көл суына түн мезгілінде де түседі. Жақында жұмыс сапарымен Алакөлде болғанымызда жергілікті жұрт орталық деп атап жүрген, жағалауы біршама абаттандырылған Арбаттың күндіз-түні адам аяғынан босамайтынын аңғардық. Әсіресе түн баласында бұл жерге туристер құмырсқаша қаптайды екен.
Жастар көл жағасында суретке түсіп, би алаңына барып, сейіл-серуен құрса, үлкендер толқын тербеткен Алакөлге көз салып, сәнді кірпіш төселген жағалауды жаяу аралап, шатыр астындағы орындықтарда отырып тыныққанды жөн көреді. Кішкентай балаларға да қызық жетерлік. Ойын алаңы дейсіз бе, алтыбақан, әткеншек дейсіз бе, жалға берілетін түрлі машиналар дейсіз бе, бәрі бар.
Тек қалтаңыз көтерсе болғаны. «Арбатта туристер құмырсқаша қаптайды» деп бекерге айтып отырғанымыз жоқ. Өйткені Алакөлге келген елдің ең әуелі баратын, жақсылап серуендеуге, тамақтануға, көңіл көтеруге болатын жалғыз орны әзірге осы Арбат болып тұр. Жолы асфальтталмаған, ауласы толық абаттандырылмаған көшелерде орналасқан демалыс үйлерінде тынығып жатқан жұрттың бәрі кеш бата Арбатқа барады.
Облыс басшысы Даниал Ахметов Алакөлге әр келген сайын мұндағы кәсіпкерлерге «қызмет көрсету сапасын жақсартыңдар» деп айтудайын айтқанымен, Арбаттан сәл шалғай орналасқан демалыс үйлері әзірге тек келушінің үш мезгіл тамағы мен жатар орнын ұсынушы қызметін атқарудан аса алмай тұрғаны жасырын емес. Арбаттан алыстау орын тепкен демалыс үйлерінің көбінің ауласы тастақ, шаңдауыт екенін де байқадық. Демалушыларға қапырықта сая болар, көлеңкесін түсірер бірде-бір ағашты таппайсың. Кейбір демалыс үйлерінің иелері ырымын жасап, ғимараттың іргесіне гүл отырғызып қойыпты. Оған да шүкір дедік. Алайда көлде тынығушыларды су үстінде серуендетуге арналған қайық, тағы басқа да заттары сақадай сай демалыс үйлері иелерінің өздері нәпақасын тауып отырған нысандарын абаттандыруға, көгалдандыруға, инфрақұрылымын жасақтауға келгенде кежегесі неге кейін тартатынын түсінбедік.
Әлде жағдайлары болмай жатыр ма? Бүгінде көл жағасын абаттандыруға белсене кіріскен облыс, аудан басшылығы алдағы уақытта Арбаттан сәл алыстау жатқан демалыс үйлеріне де мән беріп, сол маңдағы жолдарды асфальттап, демалыс үйлерінің иелеріне талапты күшейту керек секілді. Бір сөзбен айтқанда, жергілікті әкімдік пен кәсіпкерлер «аққу, шортан һәм шаянның» кебін кимей, бірін-бірі толықтырып, бірлесе жұмыс атқаруы қажет сияқты.
Балшық сатқан балалар
Алакөлге барған жұрт көл жағасынан міндетті түрде «грязь берём» деп әрлі-берлі жүрген іргедегі ауылдардың қара сирақ балаларын көреді. Олардың грязь дегендері – балшықтың екі түрі. Қара балшық және ақ балшық. «Балшықты 6 шақырым жерден әкелеміз. Ақ балшық бетке жақсы. Қара балшық аяқ-қолға пайдалы», дейді сатушы балалар. Көл жағасындағы демалушылар негізінен жарты литрі 200 теңге тұратын қара балшықты сатып алып, денелеріне былшылдатып жағып, шыртылдатып суретке түсіп жатады.
Байқағанымыз, емдік қасиеті бар делінетін балшықты әркім білгенінше пайдаланып жүр. Бірақ оны нақты қалай пайдалану керектігін тәптіштеп түсіндіріп беретін, ақ балшықтың пайдасы қандай, қара балшықтың пайдасы қандай екендігін тап басып айтатын адам таппайсыз. Әрине, Құдай бетін аулақ қылсын, егер балалар бетке пайдалы деп сатып жүрген ақ балшық демалушылардың біріне жақпай, ауырып қалса кім жауап бермек? Бұл жағына бас қатырып жатқан ешкім жоқ секілді.
Сондықтан алдағы уақытта Алакөлдің емдік қасиеті бар балшықтары туралы демалушылардың барлығына таратуға болатын арнайы нұсқаулық шығару немесе көлдің балшығын тереңдете зерттеп, заңды түрде дәріханаларға сатылымға шығару мәселесін қарастыратын кез жеткен сияқты.
Дәріхана демекші, Өскемендегі дәріханаларда емдік қасиеті бар балшықтар сатылады. Валдайская, кембрийская, анапская деп аталатын балшықтар сатылымда бар. Олардың өзі ақ, қара, көк, көгілдір, жасыл, қызыл, сары түске бөлінеді. Барлығы да Ресейде шығарылады. Өкініштісі, елімізде өндірілген балшықтың бірде-бір түрі жоқ.
Олқы тұсымыз – осы балшықты кәдеге жарату, өңдеу жағы қолға алынбай тұр. Осы іске ынталы азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау жоқ. Мұны Алакөлдегі «Арасан Алакөл» демалыс үйінің иесі Дулат Асылбековпен пікірлескен кезімізде білдік.
«Айналып келгенде, мәселенің бәрі жерге келіп тіреледі. Егер бізге Алакөлдің жағалауынан жерді жалға беретін болса, қара балшықты өндіруге дайынбыз. Өндіру дегенде, ең әуелі балшықты сараптамадан өткізу қажет. Одан кейін өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Егер мемлекет тарапынан, жергілікті әкімдік тарапынан қолдау болса, қара балшықты сапалы түрде өңдеп, медициналық және өзге де талаптарға сай арнайы орын ашуға дайынбыз. Алайда біздің бұл ұсынысымыз ескерілмей отыр. Жергілікті әкімшілікке бірнеше рет ұсыныс білдіргенбіз», дейді кәсіпкер.
Соңғы жылдары Ресей ғалымдары біз әлі қадірін білмей жүрген Алакөл балшығының құрамын зерттеп жатқан көрінеді. Тасбақа табандап жүргенде балшығымызды өзгелер патенттеп алып, өкініп жүрмесек болғаны.
Демалушылар далада отыр
Қазақ – тәубешіл, талап етуге тиіс дүниені талап етпейтін шектен шыққан төзімді халық. Мұны айтып отырғанымыз, Алакөлге келіп жатқан, келгісі келетін демалушылар «көлдің жағалауы бұрынғыдан әлдеқайда жақсарды ғой. Ұшақ ұшып, пойыз жүріп жатыр. Бұдан артық не керек?» деп тек осыны көңілдеріне медеу етіп жүргендей. Әрине ұшақтың ұшқаны, пойыздың жүргені жақсы ғой. Ал сол пойызбен келетін демалушыларға тиісті жағдай жасалып жатыр ма? Бұл туралы сәл кейін. Жылдан-жылға қызмет көрсету сапасы жақсарып келе жатқан Алакөлге келушілер үшін биыл 21 маусымнан бастап «Өскемен – Жалаңашкөл», «Семей – Жалаңашкөл» бағыттары ашылғаны белгілі.
Яғни Өскемен мен Семей тұрғындары Алакөлдің іргесіне дейін («Жалаңашкөл» стансасынан Алакөлге дейін 60 шақырым шамасында) шаршамай-шалдықпай пойызбен жетуге мүмкіндік алған еді. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жолаушы көлігі бөлімінің басшысы Айжан Рахымбаеваның айтуынша, қазіргі уақытта туристер үшін арнайы шығарылған пойыздың 1 құрамы, яғни 5 вагонымен 260 адам қатынайды. Алакөлге әжептәуір жақындататын пойыздың жолға шыққанына облыс тұрғындарының қуанып жатқаны рас. Алайда бір түйткіл, Алакөлде армансыз тынығып қайтқан демалушылардың көңіліне кірбің түсіріп тұрғанын айтпасқа болмас. Бұл – «Жалаңашкөл» стансасында жолаушылар отыратын вокзалдың жоқтығы. Вокзал болғанда бұл жерге үлкен вокзалдың қажеті шамалы. Алакөлден келген тұрғындар пойыз келгенше күтіп отыратын шағын вокзал қажет-ақ. Бұл – демалушылардың тілегі. Қазір Өскемен мен Семейге қайтатын туристер пойыз келгенше далада күтуге мәжбүр. Жаңбыр жауса тығылатын жер де жоқ.
Стансада жұмыс істейтін Қуандық есімді жігіт станса жанында есігі құлыптаулы тұрған бос ғимарат бар екенін, соны вокзал ретінде ашса да болатынын айтты. Тағы бір байқағанымыз, Жалаңашкөлде демалушыларға арналған жөні дұрыс дәмхана да жоқ. Демалушылар тамақтану үшін екі үстелі бар шағын асханада кезекке тұруға мәжбүр. Көл басынан стансаға дейін таксилер әр адамға 2500, көлік салонына 10 000 мың теңге алады екен. «Таксистері қымбат екен. 200 шақырым Семейге Өскемен таксилері 3000 теңге алады. Бұлар айналдырған 60 шақырымға 2 мың теңгеден көп сұрайды», деп наразылықтарын білдірген демалушылар да болды. «Жалаңашкөл» стансасы мен Алакөлдің арасын жалғайтын 60 шақырымға жуық жол былтырдан бері жөнделіп жатқаны белгілі. Алайда жолдың жартысы әлі жөнделіп біткен жоқ.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әсет Бейсенұлымен хабарласқанымызда Қабанбай ауылы мен «Жалаңашкөл» стансасы арасындағы жолдың 28 шақырымы жөнделгенін, қалған 22 шақырымының жөндеу жұмыстары қыркүйектің аяғына дейін аяқталатынын жеткізді. Аталған басқарманың жол бөлімінің басшысы Нұрбек Тұраров 2017 жылы «Мақаншы – Жалаңашкөл» бағытындағы облыстық маңызы бар автожолдың 82-133 учаскесіне (51 шақырым) орташа жөндеу жұмыстары басталғанын, былтыр соның 26 шақырымы жөнделгенін, ал биыл оған қосымша осы жолдың 66-82 шақырымына орташа жөндеу басталып, екі учаскедегі жөндеу жұмыстары жақында бітетінін айтты.
Жолдың жайы мәлім болды. Ал «Жалаңашкөл» стансасына вокзал салу мәселесі қашан шешіледі? Әсет Бейсенұлынан бұл туралы сұрағанымызда: «Станса Алматы облысының аумағында орналасқан. «Қазақстан темір жолы» мекемесіне қарайды. Егер жолаушылар көп болатын болса, бұл мәселені қарастыруға, ұсыныс айтуға дайынбыз», деп жауап берді.
Түйін
Айта берсе, Алакөлде атқарылып жатқан жұмыстармен қатар шешімін күткен мәселелер де аз емес. Соның ең маңыздысы – көл тазалығы, көлдің болашағы. Бұл туралы жұртшылық әлеуметтік желілерде де көп айтып, жазып жатыр. Ендеше, алдағы уақытта көл жағалауындағы инфрақұрылымды жақсартуға, туристер санын көбейтуге ғана емес, шипалы көлдің келешек ұрпаққа қажеттігін де назарда ұстап, тиісті шараларды дер кезінде қолға алғанымыз жөн секілді.
Азамат Қасым