Кілем жумақ болған жүкті келіншек өзен суына ағып кетті
Алматыда кілем жумақ болған жүкті келіншек өзен суына ағып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
32 жастағы Әсия Мұсаева жолдасымен бірге ел арасында Есік бағы атанып кеткен Есік каналына кілем жууға барған. Әйел адам су жағасында тұрғанда сабыннан аяғы тайып, өзен суына ағып кетті.
Келіншектің күйеуі артынан біраз жерге дейін жүзіп барған. Бірақ таба алмаған.
Отбасында екі бала бар келіншек үшінші сәбиіне жүкті болған.
«Іздеп жатқанымызға 3-тәулік болды. Сол күні күйеу балам іздеген.Судың бойындағы адамдар да іздесуге көмектескен. Бір де бір көлік тоқтамаған. Қазір судың жағасын менің әкем, бауырларым, күйеубалам кезіп іздеп жүр. Өлі-тірісін білмейміз», - деді Әсияның әпкесі Шахризада Маратова.
Қала тұрғындарының айтуынша, Есік каналының ағысы өте қатты.
Сонымен қатар, құз-жартасты жерлері де жетерлік. Еске сала кетейік, осыған ұқсас қайғылы оқиға Астанада қаласында да болған еді.
43 жастағы әйел екі қызымен бірге суға кетіп, көз жұмған болатын. Олар Нұра-Есіл арнасының жағасында кілем жуған.