Зейнетақы қорына қандай кірістен жарна аударылады
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова қандай кірістен зейнетақы жарнасы аударылатындығын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Барлық зейнетақы аударымдары азаматтардың тапқан табыстарынан ғана төленеді. Мәселен, кәсіпорын жұмысшылары үшін тапқан табысы оның жалақысы, жеке кәсіпкер үшін - бұл тікелей кәсіпкерлік қызметтен алынған кіріс, жеке нотариустар үшін - бұл олар көрсеткен қызметтен түскен табыс саналады. Ал өтемақылы шарт (азаматтық-құқықтық шарт деп аталады) негізінде заңды немесе жеке тұлға үшін жұмыстардың немесе қызметтердің белгілі бір түрін орындайтын азаматтар үшін міндетті зейнетақы жарнасы аталған жұмыстарды немесе қызметтерді (жеке мүлкін сатудан емес) орындау нәтижесінде алынатын кірістер төленеді», - деп жазды вице-министр Фейсбуктегі парақшасында.
Светлана Жақыпова Қазақстан Республикасының Зейнетақымен қамтамасыз ету туралы заңының 25 бабында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төлеуге жататын міндетті зейнетақы жарнасы айлық табыстың 10 пайызы мөлшерінде белгіленгенін еске салып өтеді.
«Заңға енгізілген түзетулерге сәйкес ағымдағы жылдың 14 шілдесінен бастап азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойыша табыс алатын жеке тұлғалар, сонымен қатар адвокаттар, жеке сот орындаушылары, жеке нотаристер, кәсіби медиаторлар, жеке кәсіпкерлер Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төлемге жататын табысынан өз пайдасына міндетті зейнетақы төлемдерін жүзеге асырады», - деп жазады ол.
Сонымен қатар ол азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт аясында алынған жеке тұлғалардың табысы ретінде азаматтардың орындаған жұмыстары немесе көрсеткен қызметі нәтижесінде алынған табысы айқындалғанын атап өтеді.
«Осыған орай Қазақстан Республикасының «Әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы аясында қабылданған түзетулерді жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы» қаулысының жобасын әзірледі. Қаулы жобасы азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша табыс алатын жеке тұлғалардың міндетті зейнетақы жарналарын төлеу тәртібі мен мерзімін де айқындауды қарастырады. Бүгінгі күні жоба мүдделі мемлекеттік органдармен, сарапшылық кеңестермен және аккредиттелген ұйымдармен келісу процедурасынан өтуде», - деді Светлана Жақыпова.
Еске сала кетсек, «Зейнетақымен қамтамасыз ету» туралы заңға өзгерістер енген болатын. Заңға сәйкес азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалар зейнетақы төлемін жасауға міндеттелген еді.
Осыған орай БЖЗҚ басқармасы төрағасының орынбасары Сәуле Егеубаева уақтылы төлем жасамаған фрилансерлердің қандай жауапкершілікке тартылатыны туралы айтқан болатын. «Уақтылы жарна төлемеген агенттер үшін өсім қарастырылады. Агент дегеніміз міндетті зейнетақы жарнасына ақша аударуға тиіс заңды, жеке тұлғалар.
Әкімшілік құқықбұзушылық туралы заң тұрғысынан оларға бірінші кезде айыппұл салынып, қайталанған жағдайда жауапқа тартылады»,- басқарма төрағасының орынбасары Сәуле Егеубаева. Оның айтуынша, 2020 жылға қарай елімізде жалпы табысты декларациялау шаралары енгізіледі.
Соған сәйкес басыбайлы табысты анықтау басталады. Зейнетақы жарнасын дұрыс тәртіпте әрі уақтылы жасауды мемлекеттік кірістер органдары қадағалайды.
«Жаңа тәртіпке сәйкес азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс тауып отырған жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің айлық кірісі есептеледі. Содан екінші деңгейлі банктер арқылы 10% өндіріледі»,-деді Сәуле Егеубаева.