Өскемен қаласының тұрғыны бес жыл бойы құлдықта жүрген
Тек аяғын үсітіп алып, жұмысқа жарамай қалған кезде ғана оны «иесі» жарамсыз зат секілді көшеге тастай салған. Еңбек құлдығы фактісін өңір полицейлері анықтап отыр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Облыстық ІІД Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының полицейлері адам саудасына байланысты ауыр қылмыстарды ашып, жыл сайын осындай фактілерді әшкерелеп келеді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бері жеңгетайлықтың 15 фактісі әшкереленген. Оның ішінде 3 факті интернет-ресурстары арқылы анықталса, екі жағдайда жезөкшелікпен айналысу үшін ғимарат ұсынғаны белгілі болған. Сондай-ақ, адамдарды заңсыз тасымалдаудың төрт фактісі тіркелген.
Мәселен, Семей қаласында полицейлерге көмек сұрап 30 жастағы ер адам хабарласқан.Айтуынша, оны 2016 жылдың сәуір айында шала таныс адамдар аудандардың біріне алып кетіп, бостандығынан айырып, заңсыз түрде алыстағы қыстақтардың бірінде жұмыс істеуге мәжбүрлеген.
Дәл осындай жағдай бес жыл бұрын облыс орталығының 40 жасар тұрғынының басынан да өткен. Көңілді отырыстан соң, ертеңінде облыстың шалғай аудандарының бірінде бірақ оянған. Бес жыл бойы тұтқында болып, шаруа қожалығында барлық жұмыстарды атқарған. Ақыр соңында аяғын үсітіп алып, еңбекке жарамсыз болып қалғанда оны керексіз зат секілді көшеге шығарып тастаған.
Әрине, мұндай жағдайлардан ешкім де сақтандырылмаған әрі әркімнің де басынан өтуі ғажап емес. Сондықтан, полицейлер мүдделілік танытқан қоғамдық ұйымдармен бірлесіп тұрғындардың қорғалмаған тобының арасында алдын алу шараларын үнемі жүргізіп келеді. Ондай іс-шараларда жұмысқа орналасу ережелері, заңгерлік сауаттылық мәселелері, мұндай жағдайларда қайда жүгіну керектігі түсіндіріледі.