Қазақстанда 200-ге тарта шенеунік жазаланды
Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін 187 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлады sputniknews.kz Қазақстан мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі берген ақпаратқа сілтеме жасап.
Алғашқы жартыжылдықта барлығы 194 әкімшілік іс қозғалды. Жауапкершілікке тартылғандар бюджетке 5,6 миллион теңге (16 мың долларға жуық) айыппұл төледі.
Шенеуніктерге қандай құқық бұзшылық үшін айыппұл салынды?
Астанада сот қаулысымен әкімшілік мемлекеттік қызметті иеленуге конкурстық іріктеу рәсімдерін бұзғаны үшін инвестициялар және даму министрлігі индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің конкурстық комиссиясының мүшелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Заңды сақтамаған мемлекеттік қызметкерлер 36 мың теңге, немесе 15 АЕК (103 доллар шамасында) айыппұл төледі.
Жамбыл облысында қызметкерлерін әкімшілік мемлекеттік қызметтен заңсыз босатқаны үшін Ақыртөбе ауылдық округінің әкімі де 15 АЕК айыппұлмен жазаланды.
Ақтөбе облысында Степной ауылдық округінің әкімі кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кодекстің 154-бабына сәйкес 200 АЕК немесе 481 мың теңге көлемінде (1375 доллар шамасында) айыппұл салу түрінде жазаға тартылды.
Ақмола облысында Есіл ауданы Орловка ауылы әкімі аппаратының маманы табыстары мен мүлкі туралы декларация тапсырмағаны үшін жазаланды. Ол 50 АЕК, немесе 120 250 теңге (343 доллар шамасында) айыппұл төлеуі тиіс.