«7-20-25»: Пәтер алушылардың отбасылық табысы қанша
«7-20-25» бағдарламасы аясында сатып алынатын пәтердің орташа ауданы 62 шаршы метрді құрайды. Бұл жайында «Баспана» ипотекалық компаниясы» АҚ баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Тұрғын үй нарығына жүргізілген сараптамаға сәйкес, ауданы 62 шаршы метрді құрайтын пәтерлер негізінен 2 бөлмелі болып келеді. Сонымен қатар, «Баспана» ипотекалық ұйымының мамандары «7-20-25» бағдарламасы бойынша клиенттер сатып алатын баспананың орташа құнын да есептеп шығарған. Баспананың орташа құны 14 миллион 68 мың теңгені құрайды. Заемшы да анықталып, оның жалпы бейнесі де айқындалған. Олар - отбасылық табысы шамамен 200 мың теңгені құрайтын 24 пен 40 жас аралығындағы қазақстандықтар.
«Бағдарламаға қатысуға ниет білдірген көптеген азаматтардың өтінімдері банк тарапынан мақұлданып жатқанын көріп отырмыз. Бұл «7-20-25» бағдарламасының әлеуметтік бағдарланған, оның дер уақытында қолға алынғанын әрі өте өзекті екендігін көрсетеді», - деді ипотекалық ұйым басқармасының төрағасы Қайрат Алтынбеков.
Оның атап өтуінше, жылдық ставкасы 7 пайыз болғандықтан «7-20-25» бағдарламасы бойынша ай сайынғы төлем пәтерді жалға алудан біршама арзанға түседі.
«Бұған қоса, заемшы өзінің үйінде тұратын болады және ендігі уақытта ол пәтер жалдаушы емес. Бұл өте жақсы екендігіне келісесіздер ғой», - дейді Қайрат Алтынбеков.
13 тамызға дейінгі деректерге сәйкес бағдарламаның серіктес банктеріне 15,4 млрд теңге займ алуға 1323 өтінім келіп түсті. Оның ішінде сомасы 9,7 млрд теңгені құрайтын 843 өтінім мақұлданды. Қазіргі уақытта ел тұрғындары ипотекалық бағдарлама арқылы кредитті ЦентрКредит, АТФБанк, Bank RBK және ЦеснаБанк банктерінен ала алады.