Бауыржан Байбек Атакенттегі алып тиін туралы түсіндірді
Алматы әкімі Бауыржан Байбек Атакентке алып тиінді орнатудың себебін түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматылық ұстаздардың тамыздағы жиынында сөз алған әкім алып тиін тақырыбына тоқталып өтті.
«Қала көркін ажарландыра түскен сайын мәдени интервенцияға жақындаймыз. Алматының әр түкпірінде байқау түрінде 16 артобьект қойылды. Қала болашағын әлемдік деңгейге көтеруде американдық компаниямен жұмыс істеп жатырмыз. Бизнестің ең дамыған түрі - туризм. Дәлірек айтсақ, мәдени, event- туризм. Бұл елімізге мол табыс әкеледі. Қала туралы айту керек, оны әлемге таныту керек. Дүниежүзінде мемлекет келбетіне айналған 600 қала бар. Қазақстаннан жалғыз Алматы осы тізімге енген», - деді әкім.
Оның айтуынша, Алматы туралы әлемдік деңгейде айтылу керек. Соның айқын дәлелі - тиін төңірегінде қызған пікірлер.
«Алып мүсіннің бағасына келер болсақ, 23 миллион теңгенің 15 миллионы ғана қала бюджетінен бөлінген. Әлемдік өлшемге сүйенсек, бұл аса қымбат өнім емес. Тиінді жасаған автордың сөзінше, оның осыған ұқсас шығармасы Шанхайдағы «Түлкі» 100 мың долларға түскен. Оның көлемі біздің тиіннен екі есе кішкентай. Өткенде бір ақпарат оқыдым, үнді мүсіншісі Алиш Копурдың болаттан құйылған 10 метрлік бұйымы миллион долларға бағаланған. Мұндай мысалдар өте көп», - деді ол.