Қазақ күресіне шетелдік қазылар да төрелік етпек
Астанада 26 тамызда қазақ күресінен Азия чемпионаты өтеді. Чемпионатта қазақстандық төрешілермен қатар, шетелдіктер де қазылық жасамақ, деп хабарлайды Елорда Инфо Халықаралық Qazaq kuresi федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Халықаралық дәрежедегі төреші Мақсат Ахметбековтың айтуынша, Азия чемпионатында барлығы 16 төреші қызмет етеді. Астана, Алматы, Семей қалаларынан шақырылған халықаралық дәрежедегі төрешілерден бөлек, Грузия, Тәжікстан, Өзбекстан, Литва және Украина елдерінің де қазылары төрелік етпек.
«Қазақ күресінен қаншама жылдан бері ірі сайыстар өткізіліп жатқанымен, нақты дамыту стратегиясы жоқ болатын. Федерацияның атқарушы комитетінің мүшелерімен бірге ертең стратегияның жоспарын талқылағалы отырмыз. Алдағы бірнеше айда Қазақ күресін дамыту стратегиясын қабылдаймыз. Бұл ретте, әсіресе Корея мен Жапонияның тәжірибелеріне сүйенсек деп отырмыз», - деді Қауымдастық президенті Қанат Бозымбаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Ертеңгі белдесу 8 салмақ және абсолюттік салмақта өтпек. Оған 20 мемлекеттен 80 спортшы қатыспақ.
«Біздің балуандар бәсекеге тас-түйін дайын. Олар алдымен Шымкентте, одан кейін Грузия елінде жаттықты. Боз кілемде балуандар барын салады деп сенемін», - дейді қазақ күресінен ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Ерлан Естек.
Еске сала кетейік, Азия чемпионаты ертең, 26 тамыз күні елордадағы «Дәулет» спорт кешенінде сағат 12.00-де басталады. Келем деушілерге есік ашық.
Азия Чемпионаты Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, Самрұқ Қазына әл ауқат қоры, ERG Еуразиялық тобының қолдауымен жүзеге асырылуда. Ұйымдастырушысы - “Халықаралық қазақ күресі федерациясы” ЗТБ.