ШҚО-да он төрт жасқа толмаған екі қыз бала маскүнем ретінде тіркеуге алынған
Статистикалық мәліметтер ащы суға әуестеген әйелдердің 923-і 35-44 жас аралығындағы жап-жас әйелдер екенін көрсетеді. Алпыстан асып, апа атанып отыруға тиіс 335 егде әйел де «жынды» судың жетегінде жүр, деп жазады Алтайньюс.
Облыстық наркологиялық диспансердің үстіміздегі жылдың алты айындағы мәліметтеріне сүйенсек, өңірде ішкілікке байланысты барлығы 3076 әйел тіркеуде тұр. Олардың 2091-і диспансерлік есепке, қалған 985-і профилактикалық тіркеуге алынған. Араққа салынған нәзік жандылардың ең жоғары көрсеткіштері Семей (1454), Өскемен (495), Риддер (380) және Шемонайха (113) қалаларында, Глубокое ауданында (137) белгілі болып отыр. Өкініштісі, облыста бұл кесапаттың тіркелмеген бір де бір ауданы жоқ. Тіпті, қазақ исі бұзылмаған Тарбағатай, Үржар, Абай аудандарының өзінде сәйкесінше 16,31 және 8 маскүнем әйел бары анықталған.
Диспансердің бас дәрігері Хабдылманап Смағұлов өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда маскүнем әйелдердің саны 10,1% -ға азайғанын айтады.