Қазақстан актриса Кейт Бланшетке алғыс білдірді
Қазақстан Мьянма үкіметін елдегі рохинджа-мұсылмандарының жағдайына байланысты проблемалардың түбегейлі себептерін жоюға барлық күш-жігерін жұмсауға шақырады. Бұл туралы Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Мьянмадағы ахуал бойынша өткен отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш және БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі агенттігінің ізгі ниетті елшісі, актриса Кейт Бланшетт Мьянмадағы рохинджа-мұсылмандарының жағдайы туралы баяндамаларын жасады.
Қазақстанның БҰҰ-дағы миссиясының кеңесшісі Әнуар Жайнақовтың айтуынша, Қайрат Омаров рохинджа-мұсылмандардың проблемаларын шешу жөнінде өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысына қатысқаны үшін Кейт Бланшеттке алғысын білдірді.
Қазақстан Елшісі дәл осыдан бір жыл бұрын халықаралық қоғамдастық Мьянмадан Бангладешке 700 мыңнан астам рохинджа-мұсылмандардың қашып кеткен ең ірі гуманитарлық апаттардың біріне куә болғанын атап өтті.
«Ең таңқаларлығы–рохинджа-босқындардың 60%-ы – үйлерінен кетуге мәжбүр болған және біз сәуір айында Бангладеште өзіміз көргеніміздей босқындар лагерлерінде өте қиын жағдайға тап болып отырған балалар», - деді Қ.Омаров.
Қазақстан БҰҰ және барлық гуманитарлық әріптестердің рохинджа-босқындарға азық-түлік, баспана, дәрі-дәрмектер, су және басқа да көмек көрсету құралдарын ұсынуға бағытталған күш-жігерін жоғары бағалайды.
Үстіміздегі жылдың сәуір айында Қазақстан Үкіметі Бангладештегі Кокс-Базар қаласының маңындағы аумағында орналасқан рохинджа-босқындарға 500 мың доллар көлемінде гуманитарлық көмек көрсетіп, оны олар тұратын жерлерге жеткізді.
Мьянмада қазіргі жағдай туралы айта келіп, Қ.Омаров БҰҰ-ның мәліметтері бойынша этникалық рохинджа халқы өкілдерінің жүріп-тұру бостандығына, сондай-ақ білім алу, денсаулық сақтау және өмірлік дағдыларына қол жеткізуге қатаң шектеулер әлі қалуда екенін атап өтті.
«Рохинджа-босқындар кепілдікті қауіпсіздікті және осы мәселелер бойынша нақты прогресті көріп тұрған кезде ғана олар елге оралады», - деп баса айтты Қазақстан елшісі.
Қазақстанның Тұрақты өкілі сондай-ақ Мьянмадағы Рохинджа халқының құқықтарын бұзушылықтарды тергеу бойынша тәуелсіз комиссия құруын татуластыққа және өтпелі әділеттілікке бағытталған негізгі қадамдардың бірі ретінде атады. Сонымен қатар, ол Комиссияға мұсылман қауымдастығының өкілін қосу оның беделін едәуір арттырып, «көпірлерді салуға» көмектесуге мүмкіндік бере алатындығын атап өтті.
Жалпы, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері рохинджа-босқындардың проблемаларын Мьянмадағы бұрынғы тұрғылықты жерлерге қауіпсіз, қайырымды және өз еркімен оралуы үшін тез арада шешу қажеттігі туралы бірауызды болды.