Қыркүйектен бастап мұғалімдерге категорияларына сәйкес қосымша ақы төленеді
24.kz
Осы жылдың қыркүйек айынан бастап жаңа аттестация тәртібінен өткен мұғалімдерге категорияларына сәйкес қосымша ақы төленеді.
Бұл туралы 2018-2019 оқу жылына дайындық туралы баспасөз мәслихатын өткізген ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлімдеі, деп хабарлайды Baq.kz.
"Министрлік өз тарапынан педагогтар толтыруға тиіс құжаттардың тізбесін алғаш рет бекітті. Ол тек 5 құжат, одан басқа мұғалімдерден ешқандай есеп, ешқандай қағаз сұралмауы тиіс. Жаңа оқу жылынан бастап ҰБТ-ға қатысу міндетінен мұғалімдерді босату талқылануда. Министрлік оны қолдайды. Мұғалім тек сапалы білім берумен айналысуы керек. Мектептердің ҰБТ бойынша рейтингін де алып тастадық" - дейді министр.
Сонымен қатар министр ұстаздарға төленетін жалақы және аттестаттау бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатқандығы туралы айтты.
"Барлықтарыңыз білесіздер, жаңартылған білім беру мазмұны бойынша сабақ беретін 205 мың (67%) мұғалімнің жалақысы 30%-ға көбейді. Және биыл педагогтарды аттестаттаудың жаңа жүйесі енгізілді. Ол біліктілік санаттары үшін лауазымдық жалақыға 30-дан 50%-ға дейін қосымша үстемақыны қарастырады. Аттестаттауға мамыр айында 60 мыңға жуық мұғалім қатысып, олардың ішінен 36 мыңнан астамы аттестациядан өтті. Олар 63%-ды құрады. Осы жылдың қыркүйек айынан бастап жаңа аттестация тәртібінен өткен мұғалімдерге категорияларына сәйкес қосымша ақы төленеді" - деді Ерлан Сағадиев.
Министрдің айтуына қарағанда ұстаздарды тегін курспен қамтамасыз ету мәселесі де дұрыс жолға қойылған.
"Биылғы жылы 110 мыңнан астам педагог республикалық бюджет есебінен біліктілікті арттыру курстарынан өтуде. 8 мыңнан астам пән мұғалімі жеке пәндерді ағылшын тілінде оқыту үшін тілдік курстарда оқып жатыр. Олардың 5 мыңға жуығы осы оқу жылынан бастап сабақ беруге кіріседі. «Ұстаз» орталығы барлық өңірлерде ағылшын тілінде сабақ бере бастайтын төрт жарым мыңнан астам мұғалім үшін менторлық арқылы қолдау жасайды. Бір жыл бойы бұл мұғалімдерді толығымен қолдап, үйретіп, сабақтарына қатысып, нақты көмек көрсетілетін болады" - дейді ол.
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript