Арыстанбек Мұхамедиұлы: Тұрақтылық - туризмді дамытудың басты кепілі
Елордада «Бірлікке барар жолда» атты Жібек жолына қатысушы елдердің халықаралық форумы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Форумды ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысымен және Әуе көлігі халықаралық қауымдастығының (ІАТА) қолдауымен «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ өткізіп жатыр. Шара аясында бірнеше панелдік кездесу өткізіліп, туристік саланың әр елден келген мамандары сервис стандарттарын жетілдіру, туризм маркетингін тиімді ету, интернеттегі қызметтерді насихаттау, достастық елдердің табыс тарихы, халықаралық әуе тасымалдарын дамыту, көлік саласының инвестициялық әлеуетін арттыру мен Жібек жолы елдерінің өзара серіктестігінің болашағын талқылайды.
«Биыл Алакөл мен Бурабайда, өзге туристік нүктелер туристерге толықты деп ауыз толтырып айтуға болады. Осынау аншлагтың өзі біздің туризм саласында белсенді жұмысымыздың айқын дәлелі. Әлбетте, біз осы даму даңғылын жалғастырғымыз келеді. Мемлекет басшысы Алакөлге, Бурабайға, Маңғыстауға жиі барып тұратынын білесіздер. Жуықта Анкараға барған кезде екі елдің басшылары (Қазақстан мен Түркия елдерінің басшылары) да туризм саласында ынтымақтасуды ерекше атап өткен болатын. Өзімнің әріптесім Түркия Республикасының Мәдениет және Туризм министрімен сол жерде баяндама жасаған едім», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы форум сыртында тілшілерге берген сұхбатында.
Министр қазіргі таңда шетелдік туроператорлардың Қазақстанға деген қызығушылығы жыл санап артып келе жатқанын атап өтті.
«Шынында да, олармен серіктестік біз үшін үлкен үміттерге жол ашады. Сервистік орталықтардың көптеп салынуында алғашқы қадамдарды жасап жатқанымызды білесіздер. Бүгінгі таңда алдыңғы кезекте Бурабай, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында туризм саласы біршама жолға қойылған. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз осы жылдың соңына дейін туризм туралы заң мен туризмді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын таныстыруымыз керек. Қазақстанда осындай шараларды кеңінен өткізген жөн. Мақсатымыз өте зор. Тұрақтылық пен ынтымақтастық ең маңызды фактор. Біздің елдегі тұрақтылықты мақтанышпен айта отырып, тұрақтылық туризмді дамытудың басты кепілі екенін айта кеткім келеді», - деді министр.