Қазақстаннан көрші мемлекеттерге 115 бағыт бойынша шығуға болады
Қазақстаннан көршілес мемлекеттерге 115 бағыт бойынша жолаушылар тасымалы ұйымдастырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Инвестициялар және даму министрлігінен мәлім еткендей, 1 қыркүйектегі жағдай бойынша, Қазақстан Ресей, Қытай, Қырғызстан, Монғолия, Өзбекстан елдеріне 115 бағыт бойынша тұрақты халықаралық жолаушылар тасымалын жүзеге асырады.
Бұдан бөлек, Қазақстан территориясы арқылы Ресей мен Қырғызстан, Қырғызстан мен Өзбекстан, Ресей мен Өзбекстан ұйымдастырған транзиттік бағдарлары өтеді.
Сондай-ақ есептік мерзімде автокөлікпен тұрақты халықаралық тасымалды жасауға 35 бағдар бойынша рұқсаттама құжаттары берілген.
Шекаралас мемлекеттер арасында жаңадан Жетіқара-Екатеринбург, Теміртау-Красноярск, Қарағанды-Новосибирск, Петропавл-Сургут, Қант-Қара суу, Тоқмақ - Масанчи, Шымкент-Ташкент, Алматы-Ташкент, Қызылорда-Ташкент, Үшқоңыр - Ташкент, Үшқоңыр - Нүкіс сияқты 11 бағдар ашылды.
«Айта кетерлігі, қазіргі 25 бағдарға қосымша облысаралық Астана-Қызылорда бағыты қосылды. Сонымен бірге, Түркістан-Қостанай және Қызылорда-Қостанай облысаралық бағдарларын ашу жұмыстары жүріп жатыр», - деп атап өтті министрліктің баспасөз қызметінен.