Сыртқы істер министрі қырғыз, өзбек және тәжік әріптестерімен кеңес өткізді
ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан елдеріндегі әріптестерімен кеңес өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР ІІМ баспасөз қызметінен хабарланып отырғандай, 8-10 тамыз күндері аралығында Алматыда Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстан Республикалары ішкі істер министрлерінің екінші кеңесі өтеді. Іс-шара аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша ынтымақтастықты нығайту шеңберінде өткізіледі.
Аталған елдердің Мемлекет басшылары былтыр 15 наурызда елордада өткен кездесуде осындай өзара іс-қимылдың жаңа форматына бастамашылық еткен болатын. Кеңес жұмысына Қазақстан Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаев, Тәжікстан Ішкі істер министрі Р. Рахимзода, Өзбекстан Ішкі істер министрі П. Бобожонов, Қырғызстан өкілі А.К. Долосбаев, ішкі істер министрліктерінің орталық аппараттарының, сондай-ақ шекара маңындағы ішкі істер органдары қызметтерінің басшылары қатысты. Кездесу барысында ішкі істер органдарының заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл, қылмыскерлерді іздестіру саласындағы ынтымақтастық, сондай-ақ бөтен мүлікті ұрлауға қарсы әрекет, шекара маңындағы өңірлердің өзара іс-қимылының өзекті мәселелері қаралды.
"Шолпан-Ата қаласында өткен бірінші кеңестен бері бір жыл өтті. Бүгінгі таңда өткен жылғы кездесуде қол жеткізілген, бірлескен келісімдер, әсіресе шекара маңындағы өңірлерде ынтымақтастықты нығайтуда қосымша серпін берді деп айтуға барлық негіз бар. Біз қырғыз, тәжік және өзбек әріптестермен екіжақты негізде де, көпжақты форматта да жемісті ынтымақтастық орнаттық. ТМД кеңістігінде, ШЫҰ және басқа да бірқатар халықаралық ұйымдар шеңберінде қылмысқа қарсы күрестің бірлескен бағдарламаларын іске асырудамыз. Қазіргі кезде есірткі қылмысына, терроризмге және экстремизмге, заңсыз көші-қонға, сондай-ақ трансұлттық ұйымдасқан топтардың қызметіне байланысты күш-жігерімізді біріктіруіміз керек. Әрине, мұнда кешенді тәсіл, біздің стратегиямызды және өзара іс-қимыл тактикасын жетілдіру қажет. Осы тұрғыдан алғанда, біздің кеңес – проблемалық мәселелерді талқылау және ықтимал қауіптердің алдын алуға бағытталған уақтылы шешімдер қабылдау үшін қолайлы алаң болып табылады", - деп атап өтті Ерлан Тұрғымбаев.
Отырыс қорытындысы бойынша, ішкі істер министрлері кеңес Хаттамасына қол қойды. Бұдан басқа, делегация басшылары трансшекаралық қылмысқа қарсы күресте Орталық Азия өңірі мемлекеттерінің ішкі істер органдарының күш-жігерін үйлестіруге арналған өңірлік консультативтік-кеңесші орган ретінде Кеңес қызметінің құқықтық негіздерін бекітті.