БҚО-да құс еті өнімдерінен шошқаның ДНҚ-сы табылды
Батыс Қазақстан облысында құс еті өнімдерінен шошқаның ДНҚ-сы табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы Гүлбақыт Наурзалинаның айтуынша, анықталған кемшіліктерді жою мақсатында жеке кәсіпкерлердің атына ұйғарымдар толтырылған. Жоспардан тыс тексерістер жүргізіліп, нәтижесінде 600 мың теңгеге жуық айыппұл салынды.
Бөлім басшысының сөзіне қарағанда, өнімдердің қауіпсіздігіне мониторинг жүргізу шеңберінде тұтынушылар пайдаланатын тағам және тағам емес өнімдер зерттеледі.
Барлық сынама «Ұлттық сараптама орталығының» облыстық филиалында сараптамадан өткізіледі. Зерттеу нәтижесі көрсетіп отырғандай, өнімдердің 11 пайызы Кеден одағы техникалық регламенттерінің талаптарына сай емес. Оған қоса, микробиологиялық, физика-химиялық көрсеткіштердің сәйкес келмеуі де кездеседі.
Мәселен, ішек таяқшасы тобының бактериялар, патогенді микроағзалар табылған. Санитарлық-гигиеналық, техникалық регламент талаптарының ауытқуы көбінесе аспаздық өнімдер, сүт және сүт өнімдері, құс еті және балық өнімдері арасынан анықталды. Сәйкес келмейтін өнімдердің басым көпшілігін импорттық тауарлар, соның ішінде Ресей Федерациясының өнімдері құрайды.
«Өнімдерді сатып алған кезде тұрғындардың өздері алданып қалмауға мүдделі болғаны жөн. Тағамнан улану жағдайларын болдырмас үшін тұтынушылар өнімдерді тек белгіленген сауда нысандарынан алуы қажет. Тұтынушы ресми тіркелген нысандарда өнімнің сапасы туралы құжаттарды сұрауға құқылы. Тұтынушылар өнімді сатып аларда тауардың сыртқы келбетіне және таңбасына назар аударғаны дұрыс. Тауардың таңбалануында өндірілген уақыты, жарамдылық мерзімі, өндіруші және құрамы туралы мәлімет көрсетілуі керек», - деді Гүлбақыт Наурзалина.