Мемлекет басшысы Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры Роберту Азеведумен кездесті
Кездесуде тараптар әлемдегі қалыптасқан жағдайға байланысты сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға қатысты пікір алмасты, сондай-ақ 2020 жылы Астанада өтетін Дүниежүзілік сауда ұйымының ХІІ Министрлер конференциясына дайындық барысын талқылады. Бұл туралы zakon.kz, Ақорданың баспасөз қызметі берген ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
– Сізбен Астанада қайта жүздескеніме қуаныштымын. Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болар кезде елімізге үлкен қолдау білдіргеніңізді білеміз. Бүгінде біздің ел ұйымның белсенді мүшесі саналады. 2020 жылы Астанада конференция өткізу жөнінде шешім қабылданды. Біз осы шараны тиісті деңгейде өткізу үшін күш жұмылдырамыз, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзілік сауда ұйымының елдер арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастарды нығайтуды және кеңейтуді көздейтін басты қағидаттарын Қазақстанның толық қолдайтынын атап өтті.
Роберту Азеведу Нұрсұлтан Назарбаевқа қонақжайлық танытқаны және Қазақстан мен Дүниежүзілік сауда ұйымының алдағы ынтымақтастығына арналған мәселелерді талқылауға мүмкіндік бергені үшін алғыс білдірді.
– Женевадағы соңғы кездесуімізден кейін Қазақстан мен Дүниежүзілік сауда ұйымы арасындағы ынтымақтастықтың тереңдегенін нық сенніммен айта аламыз. Сіздің еліңіз көп жақты сауда жүйесін дамыту қағидаттарын әрдайым берік ұстанып келеді. Біз Қазақстанның 2020 жылы Министрлер конференциясын өткізуге келісім бергеніне қуаныштымыз. Бұл бүгінгі әлемде болып жатқан оқиғаларға орай ерекше маңызға ие болып отыр, – деді Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры.
Сондай-ақ, Р.Азеведу жетекші державалар арасындағы сауда-экономикалық шиеленістің басқа елдерге тигізетін салдарына тоқталды.