Мемлекеттік қызметшілердің моральдық әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қойылады
Мемлекеттік басқару Академиясы филиалында Ақмола облысының Әдеп жөніндегі кеңесінің мүшелері мемлекеттік қызметке жаңа келіп түскен мемлекеттік қызметшілермен кездесу өткізді. Кездесудің қатысушылары арасында еркін диалогтық алаң құру мақсатында кездесу бейресми, басқа сөзбен айтқанда «галстуксыз» форматта өткізіліп, ол өз кезегінде ашық және ізденістік әңгіменің туындауына ықпал етті, деп хабарлайды zakon.kz.
Кездесу «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында өткізіліп, қатысушылар болса мемлекеттік қызметшілердің санасын жаңғырту бірқатар әдеттер мен таптаурындардың өзгеруінсіз мүмкін еместігін атап өтті. Бұл үшін әрбір мемлекеттік қызметші өз қалауымен түрленіп, жұмысына өз қатынасын өзгертуі, өзінің маңызды рөлін түсінуі тиіс. Сонымен қатар кездесудің мүшелері мемлекеттік қызметшінің тиімді жұмысына, санасының өзгеруіне бөгет болатын күнделікті қызметтегі «артық» элементтерден құтылудың қажеттілігін атап өтті.
Жастармен жасалған жұмыстың жаңа үлгісі екі жақтың да көңілінен шықты. Белі қатпаған жас мемлекеттік қызметшілер жемқорлықтық құқық бұзушылықтардың алдын алу, мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру, мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі талаптарын ұстануы, олардың сыртқы келбеті мен әлеуметтік желілерде өзін өзі ұстауы сияқты мемлекеттік органдардың қызметінің түрлі бағыттары бойынша өз пікірлерін белсенді білдіріп отырды.
Жиын барысында мемлекеттік қызметшілердің әдептілік деңгейін арттырудағы Әдеп жөніндегі кеңестің рөліне көңіл бөлінді. Іскери әдептілікті және ресми әдептілік талаптарын ұстанудың, сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің ұстамдылығы мен сыртқы келбетінің ұқыптылығы әдетке айналуы тиіс екені айтылды.
«Мемлекеттік қызметші қоғам тарапынан негізді сынға себепкер болмауы және Әдеп кодексінің талаптарын мүлтіксіз ұстануы тиіс. Басшылар болса өз қарамағындағы қызметшілер үшін әрқашан үлгі-өнеге болып, меритократия қағидасының ұстанылуын қамтамасыз етуге тиісті» - деп Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Ақмола облысы бойынша Департаментінің басшысы Берген Беспалинов өз сөзін жалғастырды.
Сонымен қатар Берген Беспалинов мемлекеттік қызметтің гүлденуіне жол ашатын басты шарттардың бірі - басшылар мен оның қарамағындағы қызметкерлер арасындағы айрықша сенім мен ынтымақ екенін айтады. Оның айтуынша, осы шарт жұмыстың тиімділігіне ықпал етеді.
Диалог үшін бөлінген бір сағат көзді ашып жұмғанша өтіп кетті. Әдеп жөніндегі кеңес мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Әлібек Баймағамбетов жастарға көбірек бастамашылдық тілеп, еліміздің ертеңгі жетістіктері бүгінгі жас қазақстандықтардың белсенді ұстанымына, еңбекқорлығына және мақсаттылығына байланысты екенін айтты.
Кездесуде Әдеп жөніндегі кеңес мүшесі, «Қазақстанның іскер әйелдер одағы» қоғамдық бірлестігінің Ақмола облысындағы өкілі Шайкина Тұрсынхан мемлекет пен бизнестің арадағы өзара қатынасына тоқталып өтті.
Дәл осындай галстуксыз кездесу 24 қыркүйекте Жастар саясаты мәселелері басқармасында өткен. Кездесуге қатысушылар – өз тағдырларын мемлекеттік қызметпен байланыстыруды жоспарлайтын ЖОО студенттері.
Кездесу соңында Берген Беспалинов қатысушыларға белсенділік танытқаны, жақсы идеялар мен ұсынымдар білдіргені үшін алғыс білдіріп, барлық пайдалы және негізді идеялардың қажетті қолдауға және көмекке ие болатынына сендірді. Қатысушыларға алға қойған мақсаттарға қол жеткізуде айрықша сенімділік, қоғамдық бастамаларда белсенділік тілеп, жастармен осындай кездесулердің жиі өткізілетінін мәлімдеді.