Астанада ұлағатты ұстаздарды марапаттады
Астанада Мұғалімдер күні қарсаңында №73 мектеп-лицейінде ұлағатты ұстаздарды марапаттаған салтанатты кеш болды. Бұл байқау осымен алтыншы рет өтіп отыр. Жарасымды дәстүрге айналған кеш «Ұрпақтар жалғастығы» атты телевизиялық ток-шоу ретінде ұйымдастырылды деп жазады elorda.info.
Салтанатты шарада Білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин сөз алып, мұғалімдерді төл мерекесімен құттықтады. «Ұстаз болу – ол жауапты, күрделі еңбек қана емес, жоғары құрметке ие мамандық. Өйткені әрбір адам өз өмір жолында тәрбиенің басым бөлігін ата-анасы мен ұстазынан алады. Сондықтан еліміздің дамуына, жеткіншектердің тұлға ретінде қалыптасуына қосып жатқан еңбектеріңізді жоғары бағалаймын. Биыл біз төл мерекені бас шаһардың 20 жылдығы аясында өткізіп отырмыз. Жас қаланың өркендеуіне елордалық мұғалімдер де ерекше үлес қосуда. Оқушыларымыздың да жоғары нәтижелері көңіл қуантады. Сондықтан баршаңызға алғыс айтамын» деп ізгі тілегін білдірді.
Байқауға қатысушылар үш аталым бойынша бақтарын сынады. Мәселен, «Еңбек әулеті» аталымына 17 әулет қатысып, оның жетеуі конкурстан өткен. Солардың арасынан еңбек өтілі 363 жылға созылған Садырбаевтар әулеті жеңімпаз атанды. «Тәлімгерлер» аталымында шәкірттері көп жетістіктерге қол жеткізген №15 мектеп-гимназияның мұғалімі Ардақ Әлібекова топ жарды.
Ал «Жас мамандар» аталымында Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінде студенттерге қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін, еңбек өтілі бір жыл ғана болса да, осы аралықта тамаша табыстарға жеткен Қонысбай Ембергенов деген жас ұстаздың бағы жанды.
Айта кетейік, жеңімпаз атанған мұғалімдерге бағалы сыйлықтар табыс етілді.