Астананың сол жағалауында болған төтенше жағдайға кім кінәлі
Астанада болған төтенше жағдайға кінәлі «Нұр Астана құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл туралы бүгін Астана әкімдігінің баспасөз хатшысы Эльвира Жүргенбаева хабарлады, деп жазады Қазақпарат.
«Компания өкілдері өздері жұмыс жүргізіп жатқан құрылыс аймағында электр жүйесінің кабельдері болғанын біле тұра осындай олқылықтарға жол берді. Осыған қарай оқиғамен байланысты шығындарды да аталған компания өтейтін болады»,-деп мәлімдеті баспасөз хатшысы.
Айта кетейік, оқиға кеше, 8 қазан күні кешкісін болды. Астананың сол жағалауындағы Шұбар шағын ауданы мен Қонаев пен Сарайшық көшелеріндегі бірқатар тұрғын үйлер электр жарығынсыз қалды. Болған оқиғаны елорда тұрғындары әлеметтік желіге жазып, бейнетүсірілімдер жариялады.
Төтенше оқиғаның болғанын Астана қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Эльвира Жүргенбаева да растады.
«Қаланың сол жақ бөлігінде құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде, жарық беретін кабельдерге зақым келіп, соның салдарынан Шұбар кенті мен Қонаев көшесіндегі және сол жағалаудағы бірқатар тұрғын үйлер жарықсыз қалды. Қазіргі кезде төтенше жағдайларды жою мақсатында қаланың барлық коммуналдық және төтенше жағдайлар қызмет өкілдері жан-жақты жұмыстар жүргізіп жатыр», - деп хабарлаған болатын Астана қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Эльвира Жүргенбаева.
Баспасөз хатшысының мәліметтерінше, оқиға орнында «Астана-РЭК» бригадасы жұмыс жүргізді. Апаттың салдары жойылып, түнгі сағат 02-28-де жағдай толық қалпына келді.