2 студент Батырхан Шүкенов атындағы стипендияның иегері атанды
Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдық мерейтойына арналған домбырашылар жарысында Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының екі тәлімгері үздіктердің қатарынан көрінді. Бұдан бөлек, 2 студент Батырхан Шүкенов атындағы стипендияның иегері атанды, деп жазады kaztrk.kz.
Айта кетейік, дүниеден озған танымал әнші осы қара шаңырақта білім алып, өнер үйренген. Сондықтан, стипендиянттар оның жолын қуып, әлемдік өнер кеңістігіне талпынуға ден қойған.
Мәди Аманқосұлы 2017 жылы консерваторияға оқуға түскен. Бір жылдың ішінде білікті мамандардан тәлім алып, шеберлігін шыңдап, түрлі жарыстарда жүлдегер атанды. Енді міне, Батырхан Шүкеновтің шәкіртақысына қол жеткізді. Сондай-ақ, үрмелі аспаптарда ойнайтын 4 студент те де осындай марапатқа ие болды.
Мәди Аманқосұлы, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының студенті: - Мен Батырхан Шүкенов атындағы стипендияны алғаныма өте қуаныштымын. Бұл стипендияны алу үшін көптеген еңбек, тер кетті. Саксофонда ойнап жүргеніме 8 жылдан асты. Болашақта саксофон аспабында ойнайтын таланттарды көбейткім келеді.
Құрманғазының күйін ұйқысынан оятып алса да, жаңылмай тартатын Жасқайрат Еділбайұлы консерваторияның 4-курсында оқиды.
Ол атақты күйшілердің ел арасында танымал шығармаларын түгел үйренген. Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдық мерейтойында күйшінің «Төремұрат» күйін жоғары деңгейде орындап, бірінші орынды иеленді. Таланттардың тынысын ашатын қарашаңырақта студенттер сахна мәдениетін де үйреніп, шағын қойылымдар қояды.
Өйткені, әлемдік жарыстарда орындаушылардың сахна мәдениеті мен өзін-өзі ұстауы ескеріледі. Сондықтан, сегіз қырлы, бір сырлы студенттер елдің рухани құндылығының жауһарларын жер-жаһанға таныту үшін тынымсыз жаттықпақшы.
Нұрлан Асқарұлы