Түркістан облысында екі қылмыстық топ мүшелері ұсталды
Түркістан облысында қарақшылық шабуыл жасаумен айналысқан 2 қылмыстық топ мүшелері ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, күдіктілер Қазығұрт ауданында шетел азаматына қарақшылық шабуыл жасаған.
«Күдіктілер беттеріне бетперде киіп, жатақханаға кірген. Жәбірленушіні қарумен қорқытып, оның бағалы заттары мен 90 мың теңге көлемінде ақшасын алып кеткен. Аталған оқиға бойынша ҚР ҚК-нің «қарақшылық» бабы бойынша сотқа дейінгі біріңғай тергеп тексеру тізіміне тіркелді. Ал, қыркүйек айында қылмыстық топтың бір мүшесі сыбайласымен аталған аудан тұрғынынан жарты миллион теңге тұратын жылқысын ұрлап кеткен. Қазан айының басында осы топ Сарыағаш ауданындағы жанар-жағармай бекетіне қарақшылық шабуыл жасаған. Беттеріне бетперде киген күдіктілер жоғарыға оқ атып, кассадан 700 мың теңгеге жуық ақшаны қолды еткен», - делінген хабарламада.
Облыстық ІІД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Құрманбек Саховтың сөзіне қарағанда, аталған ауыр қылмыстарды ашу үшін тәжірибелі жедел із кесушілерден құралған жедел-тергеу тобы құрылды.
«Бірнеше ай көлемінде күдіктілердің түр-тұлғасы анықталып, оларды ұстау іс-шаралары жүргізілді. Бұл қылмысты ашудың бір қиындығы олар көпшілігінде қылмысын беттеріне бетперде киіп жасаған. Сондықтан да жәбірленушілер олардың түр-тұлғасын анық бейнелеп бере алмаған. Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлерінің жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде Шымкент қаласындағы жалдамалы пәтерлерден қылмыстық топтың 6 мүшесі анықталып, ұсталды. Күдіктілердің барлығы облыстың тұрғындары болып шықты. Олардан шолақ мылтық, пневматикалық тапанша және басқа да айғақты заттар тәркіленіп алынды»,-дейді Құрманбек Сахов.
Сондай-ақ, Шымкент қаласының тұрғындарынан құралған тағы бір қылмыстық топ ұсталды. 8 қазан күні түнде Түлкібас ауданындағы тұрғынның бірінің үйіне беттеріне бетперде киген 6 адам кіріп, қарумен қорқытып, ақшасын алып кетпек болған. Үй иесі қарсылық көрсеткен.
Мұндайды күтпеген сезіктілер ештеме ала алмай қашып, оқиға орнында шолақ мылтық қалдырған. Ұсталғандардың екеуінің бұрын сотталмағаны анықталып отыр.
Қазіргі таңда аталған жайттар бойынша Түркістан облысы ІІД тергеушілерімен сотқа дейінгі терегу амалдары жүргізілуде. Күдіктілердің барлығы уақытша ұстау абақтысында.
Полицейлер ұсталғандардың басқа да ауыр қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.