Бөрлі ауданында шағын және орта бизнес қарқынды дамып келеді
Бөрлі ауданына облыс әкімінің орынбасары Миржан Сатқанов бастаған жұмыс тобы іс сапармен келіп, өңірдегі шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесті.
«Индустриалдық-инновациялық даму» тақырыбында өткен жиынға жұмыспен қамту бөлімінің басшылары, кәсіпкерлер палатасының бөрлі ауданындағы филиалының өкілдері, кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының басшылары қатысты.
Өндірісті-аграрлы аудан саналатын Бөрлі жерінде кәсіпкерлік жыл санап өркен жайып келеді. Мәселен осы жылдың тоғыз айында ауданында орта және шағын кәсіпкерліктің 4747 субъектісі тіркелген. Аудандағы экономика құрылымының 86 пайызын шағын және орта бизнес субъектілері құрайды.
Ауданда «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасының банк несиелерінің пайыздық үстемелерін субсидиялау бағыты бойынша 1 жоба мақұлданды, сомасы 60,0 млн.теңге. Жобалардың басым көпшілігі автокөліктер, жабдықтар сатып алуға, негізгі қаражат айналымдарын толықтыруға, коммерциялық жылжымайтын мүліктердің құрылысына және несиелік берешектерді қайта қаржыландыруға бағытталған.
Өткен екі жылда 132 жаңа жұмыс орындары ашылды және жергілікті бюджетке 1 746,0 млн. теңгеге салық төлемдері түсті. Биылдың өзінде облыстық аймақтық координациялық кеңесі жаңадан басталған бизнес бастамаларға қайтарымсыз грант беру бағыты бойынша 3500,0 мың теңге болатын екі жобаны мақұлданды.
Оның алғашқысы ультрадыбыстық сәуле жабдықтары болса, екіншісі ұлттық үлгіде жиһаз жасау болды. Ол туралы жиында аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Мереке Ізтілеуов баяндады.
Бөлім басшысы мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын да айтып өтті. Мәселен, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021» жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша биыл 23 жоба жалпы сомасы 98 030,0 мың теңгеге, өткен жылы бағдарлама ауданда 125416,5 мың теңгеге мақұлданды.
Облыс әкімінің орынбасары М.Сатқанов бизнесті қолдау аясында жүзеге асырылып жатырған мемлекеттік бағдарламалардың, кәсіпкерлікке берілетін мүмкіндіктері және де мемлекеттік бағдарламаларға қатысу кезінде туындайтын сұрақтарға жауап берді.
«Біз жыл сайын жұмыс тобымен аудандарды аралаймыз. Бұл жолы сапарымызды Бөрлі ауданынан бастауды жөн көрдік. Бұл жиынға «Даму» қорының, ауылшаруашылық қорының басшылары келіп отыр. Бұл әріптестеріміздің барлығы да шағын және орта бизнеске тиісті қаражат беретін орындар. Облысымыздағы шағын және орта бизнестің үлес салмағы 40 пайызға тиесілі. Бұл біз Алматы мен Астана қалаларынан кейінгі үшінші орында екеніміздің көрсеткіші» — деген облыс әкімінің орынбасары Миржан Мұңайдарұлы кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап беріп, ұсыныс-тілектерін тыңдады.
Кәсіпкерлер жеке қожалық ретінде тіркелмеген тұрғындарды ешкім тексермейтіндігін айтып қалды. Олар мемлекетке салық төлемей, жабайы саудамен айналысатын тұрғындардың көбейіп кеткендігіне қапалы.
Әкімшілік кедергілер мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мақсатында өткен басқосу біраз мәселенің бетін ашты. Ең бастысы кәсіпкерлер мен мемлекеттік және құқық қорғау органдары, даму институттарының өкілдерінің арасында диалог орнап, маңызы зор ақпараттар берілді.
Айым Нұрғалиева