Жамбыл облысында 15 білім беру ұйымының лицензиясы 6 айға тоқтатылды
Жамбыл облысында 15 білім беру ұйымының лицензиясы 6 айға тоқтатылды. Бұл туралы бүгін Жамбыл облысы əкімдігі ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметі» алаңында өткен брифингте облыстың білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Дәмеш Үскімбаева айтты, деп хабарлайды “ZhambylNews” Ақпараттық Агенттігі.
Дәмеш Шайхықызының айтуынша, 42 білім беру ұйымында ішінара тексерулер жүргізіліп, анықталған бұзушылықтар бойынша нұсқамалар берілген. Нәтижесінде, 47 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалып, 1230 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұлдар салынды (2 958 150 теңге).
Сонымен қатар, нұсқамалардың орындалуын бақылау бойынша 13 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Бұзушылықтарды толығымен жоймауына байланысты 6 білім беру ұйымына қатысты материалдар сотқа жолданды.
Сондай-ақ, соттармен 4 білім беру ұйымына 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұлдар салынды. Атап айтар болсақ, №14 Талас колледжі, Талас ауданындағы Жаңатұрмыс негізгі мектебі, Мойынқұм ауданындағы Ақбақай, Қ.Сәтбаев.
Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау бойынша 8 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Анықталған бұзушылықтар бойынша 2 лауазымды тұлғаға қатысты әкімшілік істер қозғалып, 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.
Бұған қоса, прокуратура ұсынуларына сәйкес қызметінің басталғаны туралы хабарламаны жолдамағанына байланысты 6 жекеменшік балабақшаның лауазымды тұлғаларына қатысты әкімшілік іс қозғалып, материалдары сотқа жолданды.
Колледждерге қатысты 14 әкімшілік іс қозғалып, 385 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұлдар салынды (925 925 теңге).
Айта кетейік, 2018 жылдың 1 қазанға Жамбыл облысы бойынша 446 мектеп болса, онын 444-де қамқоршылық кеңестер құрылған. Сонымен бірге, Жамбыл облысының Білім саласындағы бақылау департаменті Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің 2018 жылғы 16 қаңтардағы хаттамалық тапсырмасына сәйкес ағымдағы жылдың 9 айында Қазақстан ата-аналар қауымдастығының чатына 1073 ата-ана қосылды.