«Qazaq Banki» салымшылары ақшаларын қалай қайтара алады
«Qazaq Banki» АҚ-ты, «ЭксимБанк» АҚ-ты және «Астана банкі» АҚ-ты мәжбүрлеп тарату туралы талап-арыз берілді деп хабарлайды zakon.kz.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (бұдан әрі – Ұлттық Банк) 2018 жылғы 25 қыркүйекте Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына «Qazaq Banki» АҚ мен «ЭксимБанк» АҚ-ты мәжбүрлеп тарату туралы, 2018 жылғы 15 қазанда «Астана банкі» АҚ-ты мәжбүрлеп тарату туралы талап-арыз берді.
2018 жылғы 24 қазанда Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «Qazaq Banki» АҚ-ты мәжбүрлеп тарату туралы шешім қабылдады. Үшінші тұлғалар тарапынан сот актісіне шағымдану болмаған кезде шешім түпкілікті нысанда шығарылған күннен бастап 30 күн ішінде шешім заңды күшіне енеді.
Банкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күні Ұлттық Банк банктің тарату комиссиясын тағайындайтын болады.
Қазақстан Республикасында банктерді мәжбүрлеп тарату қағидаларының нормаларына сәйкес талап-арыз тәртібі, мерзімдері және кредиторлардың өз талаптарын ұсына алатын мекенжайлары көрсетілген Банктің тарату комиссиясын тағайындау туралы ақпаратты банктің тарату комиссиясы тағайындалған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми баспа басылымдарында қазақ және орыс тілдерінде жариялайтын болады. Мәжбүрлеп тарату рәсімі Банктер туралы заңның, Қазақстан Республикасында банктерді мәжбүрлеп тарату қағидаларының талаптарына және ҚР өзге заңнамаларына сәйкес жүзеге асырылатын болады.
«Qazaq Banki» АҚ-ты мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енгізілген күннен бастап 14 жұмыс күні ішінде ҚДКҚ жұмыс істеп тұрған қазақстандық банктердің қайсысы ақы төлеу бойынша агент ретінде «Qazaq Banki» АҚ-тың салымшыларымен жұмыс істейтінін және салымшылармен есеп айырысуды бастайтынын жариялайды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес бұл қаржылық жағдайы тұрақты, бүкіл ел бойынша салымшыларға қызмет көрсетуге мүмкіндік беретіндей филиал желісі мен инфрақұрылымы кеңінен тараған банк болады. Бұл банк ҚДКҚ-ның атынан және оның қаражаты есебінен «Qazaq Banki» АҚ-тың салымшыларымен жұмыс істейтін болады.
ҚДКҚ таңдалған агент-банкті жариялағаннан кейін салымшыларға кепілдік берілген өтемақыларды төлеу өтінішімен атаған банктің бөлімшесіне өтініш білдіру керек. Агент-банк оған құжаттар түскен күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірмей ақы төлейтін болады.
Ұлттық Банк, сондай-ақ ҚДКҚ салымшыларға ахуалдың ары қарай қалай өрбігені туралы БАҚ арқылы хабарлайтын болады.
Салымшылар www.kdif.kz сайтынан депозиттерге кепілдік беру мәселелері бойынша қосымша ақпаратты алуларына, заңнаманың өзекті редакциясымен танысуларына болады. Мамандардың консультациялары 8 8000 80 10 20 (қоңырау соғу тегін) шұғыл желі нөмірі бойынша.