28 қарашада экономикалық соты "Эксимбанк Қазақстан" АҚ-ты мәжбүрлеп тарату туралы шешім қабылдады
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (бұдан әрі – Ұлттық Банк) 2018 жылғы 25 қыркүйекте Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына "Эксимбанк Қазақстан" АҚ-ты мәжбүрлеп тарату туралы шағым-талап берді, деп хабарлайды Zakon.kz.
2018 жылғы 28 қарашада Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты "Эксимбанк Қазақстан" АҚ-ты мәжбүрлеп тарату туралы шешім қабылдады. Үшінші тұлғалардың тарапынан сот актісіне шағым болмаған жағдайда түпкілікті нысанда шешім шығарылған күннен бастап 30 күн ішінде шешім заңды күшіне енеді.
Банкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күні Ұлттық Банк банктің тарату комиссиясын тағайындайды.
Қазақстан Республикасында банктерді мәжбүрлеп тарату қағидаларының нормаларына сәйкес кредиторлардың шағымдарын қабылдау тәртібі, мерзімдері және талаптарын қоятын мекенжайлар көрсетілген Банктің тарату комиссиясын тағайындау туралы ақпаратты банктің тарату комиссиясы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми баспа басылымдарында өзі тағайындалған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде қазақ және орыс тілдерінде жариялайтын болады. Мәжбүрлеп тарату рәсімінің өзі Банктер туралы заңның талаптарына, Қазақстан Республикасында банктерді мәжбүрлеп тарату қағидаларына және ҚР өзге де заңнамаларына сәйкес жүзеге асырылады.
"Эксимбанк Қазақстан" АҚ-ты мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап 14 жұмыс күні ішінде ҚДКҚ Қазақстанның жұмыс істеп тұрған банктерінің қайсысы "Эксимбанк Қазақстан" АҚ-тың салымшыларымен төлем жүргізу жөніндегі агент ретінде жұмыс істеп, салымшылармен есеп айырысатындығын хабарлайды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес агент-банк – бұл қаржылық жағдайы тұрақты, бүкіл ел бойынша ҚДКҚ-ның атынан және қаражаты есебінен халыққа қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін филиалдар желісі мен инфрақұрылымы дамыған банк.
ҚДКҚ таңдалған агент-банкті жариялағаннан және кепілдікті өтемақыны төлеу басталғаннан кейін салымшылар осы агент-банктің филиалына кепілдікті өтемақы төлеуге арналған өтініш жасағаны дұрыс. Бұл ретте салымшының өзімен бірге жеке куәлігінің немесе төлқұжатының болуы жеткілікті. Егер салымшының орнына басқа тұлға өтініш берсе, онда құқық белгілейтін құжаттарды (мұрагерлік туралы куәлік, сенімхат, депозитке талап ету құқығын беру туралы шарт) ұсынуы қажет. Агент-банк төлемді құжаттар агент-банкке келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірмей жүзеге асыратын болады.
Кепілдікті өтемақы төлеу қолма-қол ақшамен немесе салымшының басқа банктегі шотына аударыммен теңгемен ғана жүзеге асырылатын болады. Бұл ретте салымшының алынған кепілді өтемақыны агент-банктің шотында қалдыруға мүмкіндігі бар. Барлық кепілді өтемақыларды төлеу тек ұлттық валюта – теңгемен жүзеге асырылады. Шетел валютасындағы депозиттер бойынша кепілдікті өтемақыны есептеу үшін банкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күні белгіленген валюталар айырбастаудың нарықтық бағамы пайдаланылады.
Салымшылар депозиттерге кепілдік беру мәселелері бойынша қосымша ақпаратты ҚДКҚ сайтындағы "Салымшыларға" бөлімінен алуына болады.