Семейде ауладан күмән туғызатын пробиркалар табылды
Семей қаласының шет жағынан күмән туғызатын пробиркалар табылыпты. Сынауықтағы сұйықтық қанға ұқсас екен, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұл туралы әлеуметтік желіде қала тұрғындары жазуда. Фотосуреттен көргеніміздей, сынауықтар (пробиркалар) өте көп, шамамен 50 данадан астам.
Нақтырақ айтқанда, сынауықтарды Цементшілер кентіндегі бір үйдің ауласынан балалар тауып алыпты. Ал сол маңда емхана орналасқан екен.
Әр сынауықта штрихкод пен сериялық нөмірі көрсетілген. Ішінде қаралау түсті сұйықтық бар. Тұрғындар бұл не тамырдан алынған қан, не принтерге арналған бояу болуы мүмкін деп пайымдауда.
Ұқсас жағдай Өскеменде де болған. Естеріңізге сала кетсек, осы көктемде Ана мен бала орталығының маңынан медициналық шприцтер табылған еді.
Экологиялық қауіпсіздік орталығы Семейдегі сынуықтар туралы хабардар. Олар Облыстық денсаулық сақтау басқармасына ақпарат жібермек. Нәтижесі кейін белгілі болады.