Жамбыл облысының әкімі өңірдегі көппəтерлі тұрғын үйлердің сапасын жіті бақылауында ұстайды
Облыс орталығындағы құрылысы жүргізіліп жатқан №15 жаңа мөлтек ауданының сәулеттік келбеті, ондағы көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы бейнесі заманауи әрі көрікті болуы шарт. Бүгін облыс әкімдігінде өткен жиында Жамбыл облысы басшысы Асқар Исабекұлы Мырзахметов осылай деді, деп хабарлайды Zakon.kz ақпарат агенттігі.
Басқосуда он бес мөлтек ауданда жаңадан салынатын көпқабатты үйлердің бірінші қабатында әлеуметтік және коммерциялық мақсаттағы нысандар орналастыру мәселелері талқыланды. Тараз қаласы әкімінің орынбасары Сайлауғалы Байназаров мақсатты жұмыстардың іске асу жүйесі туралы бірқатар мәліметтермен бөлісті.
Оның айтуынша қазіргі таңда жиырма бес үйдің жобасы дайындалуда екен. 2020-2021 жылдары құрылысы жүргізілетін ол көпқабатты тұрғын үйлердің он екіншісінің бір қабатттарына өзгерістер енгізілмек. Яғни мемлекеттік орган (тапсырушы) жобалау тапсырмада бірінші қабатта әлеуметтік, коммерциялық және тағы басқа нысандар болу қажеттігін көрсетеді, соған орай жоба-сметалық құжаттама тапсырмаға сәйкес дайындалып, құрылыс жер телімінің, фундамент, жертөленің құндық үлестері тең пропорцияда бөлінеді. Мемлекеттік сатып алу тек тұрғын пәтерлер және үлесіне қарай жертөле көлеміне жүргізіледі, мемлекеттік сатып алуға қатысушы мердігер осындай шартқа келісіп қатысады.
Асқар Исабекұлы Мырзахметов тек бес қабатты тұрғын үйлермен шектелмей жеті, тоғыз қабатты үйлерді де салу қажеттілігін ескертті. Сол арқылы инфрақұрылым тарту жұмыстарын, жер аумағын үнемдей отырып, пәтер құнын төмендетуге болатынын жеткізді.
Жамбыл облысы басшысы ең бастысы шағын аудандардағы көппәтерлі тұрғын үйлердің бірінші қабаттарын әлеуметтік және коммерциялық мақсаттағы нысандарға бере отырып, ғимараттардың сыртқы көрінісін, сәулеттік келбетін арттыруды талап ету керектігін баса айтты. Тиісті тұлғаларға осы бағытта нақты жұмыстар жүргізуді тапсырды