Қарақұйрықты атқаны үшін Алматы облысының тұрғынына қатысты қылмыстық іс қозғалды
«Алматы облысының аумағында «Қызыл кітапқа» енген қарақұйрықты атқаны үшін Ұйғыр ауданының 53 жастағы тұрғынына қатысты Қылмыстық кодекстің 337-бабы 4-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр»,- деп хабарлайды Алматы облысы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі.
Табиғат қорғау ведомстволарымен бірлескен рейд барысында 31 қазанда тәртіп сақшылары Ұйғыр ауданы аумағында атуға қатаң тыйым салынған қарақұйрықты олжалаған браконьерді қолға түсірген. Заңсыз аңшылық жасаған азаматтан аң еті, «Тигр» ойық мылтығы, аңшы мылтығы және оқ-дәрілер тәркіленген.
Ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес, заңсыз аңшылықпен күресті күшейту мақсатында облыс көлемінде үнемі жүргізілетін іс-шаралар барысында Панфилов қаласы маңында 54 жастағы азамат басқарған «Уаз» автокөлігін тексеру барысында қарақұйрық еті мен «Москина» ойық мылтығы, сондай-ақ өзге аңшы мылтығы және оқ-дәрілер табылды. Аталған азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Естеріңізге сала кетсек, қарақұйрық аңын атқаны үшін отандық заңнамаға сәйкес браконьерлерден мемлекет пайдасына ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес 400 АЕК мөлшерінде материалдық шығын өндірілуі тиіс.