Шу ауданында 75 пәтерлі тұрғын үй қолданысқа берілді
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Шу ауданының тұрғындары қоныс тойын тойлауда. Бүгін ауданындағы бірқатар отбасыларға пәтер кілттері тапсырылды, – деп жазады “ZhambylNews” Ақпараттық Агенттігі.
Пайдалануға берілген көпқабатты тұрғын үй Шу қаласындағы "Жетісу" тұрғын алқабында орналасқан. Мердігер-"Ник Тараз" ЖШС-і. Жобаның жалпы құны-41 5170,0 млн. теңге. Құрылыс жұмыстары өткен жылдың мамыр айында басталған.
– Елбасының кезекті Жолдауында тұрғындарды баспанамен қамту, құрылыс қарқынын арттыру мәселесіне назар аударылған. Осы бағытта Шу ауданында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бірқатар балабақшалар мен медициналық нысандар іске қосылды. Бүгін өздеріңіз 75 пәтерлік тұрғын үйдің ашылу салтанатына куә болып отырсыздар. Бұл көп балалы аналарға, жетім балаларға, мүгедек азаматтарға жасалып отырған үлкен қамқорлық деп есептеймін. Президент саясатын жүзеге асырудың белгісі.Тәуелсіздік күні құтты болсын, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуаныш Қарғабаев.
Шағын қалалардың құрамына кіретін Шу қаласында 37 мыңдай халық тұрады. Құрамына Қант зауыты мен Тоғай мөлтек аудандары кіреді. Қазіргі таңда қаладағы құрылыс жұмыстары қарқын алып келеді.
– Бүгінгі таңда елімізде "Нұрлы жер" бағдарламасы жүзеге асырылуда. Соның негізінде ауданымызда 75 пәтерлі тұрғын үй жөндеуден өтті. Бүгін үлкен қуанышқа кенеліп отырмыз. Баспаналарыңыз бақытқа толсын. Егемендік мерекесі құтты болсын, – деді зейнеткер Жұмакүл Берікова.
Сондай-ақ,мереке қарсаңында аудандаға қарасты Көкқайнар, Бәйдібек ауылдарында 15 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория, Төле би ауданындағы кәріз жүйесін қайта жаңғырту нысаны ашылды. Ал Жамбыл облысы бойынша мерекеге орай 28 нысан ашылып, халық игілігіне тапсырылды.