Депутат араны ашылған шенеуніктердің қызметтік пәтерлерін тексеруді талап етті
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Меруерт Қазбекова мемлекеттік қызметшілерді қызметтік баспанамен қамтамасыз етудің қатаң критерийлерін бекітуді сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Меруерт Қазбекова премьер-министр Бақытжан Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдады. "Ақжол" фракциясының мүшесі араны ашылған шенеуніктердің салық төлеушілердің ақшасына қызметтік баспана сатып алу мәселесін көтерді. Оның айтуынша, әкімдіктерді айтпағанда, жергілікті жерлерде "кішігірім" бастықтар, колледж немесе облыстық филармония директорына дейін қымбат джип пен седан мінеді.
"Биыл мемлекет есебінен қымбат пәтер алғандар туралы ақпарат бірінен соң бірі шығып жатыр. Бір апта бұрын ғана Павлодарда аумағы 230 шаршы метр, құны 50 миллион теңгені құрайтын қызметтік пәтерге қатысты дау туған еді. Сондай-ақ, жалпы құны 226 миллион теңгені құрайтын бес пәтер сатып алынған. Бұл алғаш тіркеліп отырған факті емес, "айсбергтің шыңы" ғана", — деді депутат.
Қазбекова Қазақстан қалалары мен аудандарында қазынаның ақшасына сатып алынған қызметтік пәтерлерді мысалға келтірді. Мәселен, оның айтуынша, биыл қыркүйекте Атырау қаласының әкімдігі 58 миллион теңгеге жиһазымен қоса 5 бөлмелі тұрғын үй сатып алған. Ал Өскемеденде екі элиталық тұрғын үй нысанына 82 милллион теңге жұмсалды.
Сонымен қатар, Шымкенттің тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы "супер" жайлы 5 қызметтік пәтер сатып алу туралы хабарландыру берген. Әр пәтерге 43 миллион теңгеден бөлініп отыр. Көкшетауда әкімдік 40 миллион теңгеге аумағы 145 шаршы метр 4 бөлмелі пәтер сатып алды.
"Ал Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласында аудан әкімінің зәулім сарайын жөндеуге бюджеттен 24 миллион теңге бөлінген. Алматы облысы Жамбыл ауданының әкімі кең паркингі бар, аумағы 180 шаршы метр баспананы 35 миллион теңгеге сатып алуды жоспарлаған. Ал журналистердің ақпаратынша, сол Ұзынағаштағы ең қымбат коттедж 20 миллион теңгеден аспайды", — дейді депутат.
Қазбекова бұл тек БАҚ пен қоғамға ғана белгілі фактілер екенін атап өтті.
"Қазақстанның барлық қаласы мен ауданында мұндай деректердің қанша екенін тек болжауға болады", — дейді ол.
Мәжілісменнің айтуынша, мыңдаған қарапайым азамат ипотекасын уақытында төлеу үшін күн-түн демей еңбектеніп, көп нәрседен бас тартып жатқанда, ысырапшылдық пен астамшылыққа жол берген шенеуніктердің сынға ілігуі орынды.
"Ақжол" фракциясы мемлекеттің ақшасына шенеуніктерге қызметтік баспана әперуді баға параметрлерімен және баспана аумағымен реттеу керек деп санайды. Мәселен, "7-20-25" бағдарламасы бойынша дәл сол Павлодарда баспананың ең жоғары бағасы 15 миллион теңге болып бекітілген. Ал әкімдік пәтерді өзіне үш есе қымбат бағаға сатып алды", — деді депутат.
Осы орайда Қазбекова премьер-министрден мемлекеттік органдар мен бюджеттік ұйымдарда тексеріс жүргізуді сұрады.
"Тексеріс қорытындысынан парламент пен қоғам да хабардар етілсін. Сондай-ақ, заң мен этика талаптары сақталмаған фактілер анықталса, кінәлілерді жазаға тарту керек. Мемлекеттік қызметшілерді қызметтік баспанамен қамтамасыз етудің қатаң критерийлерін бекіту керек. Мәселен, "7-20-25" бағдарламасының параметрлерін негізге ала отырып немесе әр отбасы мүшесін тұрғын үй аумағымен қамту стандарттарын ескеріп", — деді ол.