Астанада аяз басталғалы көліктерді айдап әкету жиіледі
Астанада аяз басталғалы бері көліктерді айдап әкету фактілері жиілеп кетті, хабарлайды Елорда Инфо қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Соңғы күндері осындай жолмен 3 автокөлікті айдап әкету фактісі орын алды. Қыздырып жатқан автокөліктерден бөлек қылмыскерлер сканерлейтін құрылғы арқылы да көлік құралдарын айдап әкетуде.
«Полиция қызметкерлері сауда үйінің жанында тұрған «Субару легаси» автокөлігін сканерлеу арқылы айдап әкетпекші болған 30 жастағы Жамбыл облысының тұрғынын ұстады. Күдіктіден автокөлікті айдап әкету әрекетінен басқа, бір күн бұрын сканерлейтін құрылғы арқылы көлік салонынан ұялы телефон мен планшет ұрлығын жасағаны анықталды», - делінген хабарламада.
Ұсталған адам бұрын сотталған, қазіргі уақытта Астана қаласы ПД-нің Уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
ҚР ҚК 188-бабы бойынша (ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, сонымен қатар ұсталған адамның бұрын осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
Астана қаласы Полиция департаменті аталған адамның әрекеттерінен зардап шеккен азаматтардың Бейбітшілік көшесі, 19 мекенжайында орналасқан Полиция департаментіне немесе 8 (7172) 71-61-07, 8 702 999 263 телефон нөмірлері арқылы сонымен қатар 102 нөміріне хабарласуын сұрайды.