4 жыл бұрын бозбаланы зорлап тастаған полицей әлі күнге дейін жазаланбаған
Оңтүстіктегі атышулы Абай ауылында полиция қызметкерінің тарапынан сексуалды қысым көрдім деген азаматтың оқиғасы заңгерлердің құлағына жетіп, жұмбақ жағдайда жабылып қала беретін іс қайта жанданды. Ал “зардап шектім” деген жігіттің таныс-туыстары мұны біле сала зорлады деген күдіктіні ұстап алып, тыр жалаңаш шешіндіріп тастап видеоға түсіріп интернетке салып жібергенге ұқсайды.
Бұл туралы “Еуразия бірінші арнасы” хабарлайды, деп жазады stan.kz.
Ал зардап шеккен азамат бұған дейін берген сұхбатында осыдан бірнеше жыл бұрын ауылдастары зорлап тастағанын айтқан еді. Осыдан кейін 22 жастағы жігіт психологиялық тұрғыдан жәбір көргенін де жасырмаған болатын. Себебі, еңгезердей азаматтар оған сексуалдық тұрғыдан қысым көрсетіп қана қоймай, біраз уақытқа дейін қорқытуларын доғармаған.
«Алдыңғы түнде не болғанын білесің бе?» – деп сұрады. Мен білмейтінімді айттым. «Алдыңғы түнде мен сені жыныстық қатынасқа салдым және оны өзімнің ұялы телефоныма түсіріп алдым»,- деді. Ол айтқанын істемесем видеоны ғаламторда таратып жіберетінін, әке-шешемнің масқарасын шығаратынын айтты. «Ауылдан мүлдем басынды көтере алмай шығып кетесің», – деп айтты», – деген еді зорланған жігіт.
Шағымданушы зорланғаннан кейін Шымкенттегі венерология емханасында тексерілгенін де айтқан еді. Оның барысында жыныстық қатынас кезінде жұғатын инфекция табылғаны расталған. Ал, екі күдікті де анализ тапсырғанда олардан да дәл осы ауру анықталыпты. Бірақ, бұл фактілерді жергілікті құқық қорғау органдары назарға алмай келген.
Айман Омарованың азаматтардың құқығын қорғап жүргеніне аз уақыт болмапты. Бірақ 16 жасында еңгезердей азаматтардан сексуалды зәбір көрген жігіттің оқиғасын естігенде жүрегіне ауыр тигенін айтады. Қылмыскерлердің бірі сол уақытта полиция қызметкері болды деген күдікті заңгер жоққа шығармайды. Істің алға баспай қоюына осы түрткі болуы бек мүмкін, дейді.
«Ештеңе жасалмай жатқанын анық көруге болады. Қалайша көз жұмылып келген? Жәбірлеушілер мен мына жігіттің бойынан бірдей инфекция табылғаны туралы сараптаманың қорытындысында жазылып тұр. Қылмыс жайлы жазылған аудио және видео жазбалар да қолдарында десек болады. Бірақ, оның өзі дәлелге саналмалмаса, білмеймін», – дейді заңгер Айман Омарова.
Ресми деректерден белгілі болғандай, аталған қылмысқа байланысты арыз 2015 жылы жергілікті полиция департаментіне түскен. Бірақ, бір қызығы содан бері төртінші жылға аяқ бастық. Ал іс әлі бір орында тұр. Облыстың құқық қорғау органдарының пікірі мынадай:
«Қазіргі таңда тергеу жұмыстарымен айналысып жатқан Түркістан облыстық департаментінің тергеу басқармасы. Олар ҚР ҚК 121-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Ал күдіктінің біреуі бұрынғы полиция қызметкері. 2016 жылы полиция қызметінен аластатылған», – дейді облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Қаракөзова.
Бұл істің айналасында қоғамдық резонанс туындағаны анық. Бозбала шағында погон таққан полицейден сексуалды қорлық көрген жігіттің мәселесі парламент қабырғасында да көтеріліп, бас прокуратураға да жетіп отыр. Енді 4 жыл бойы әділдік таппай келе жатқан жәбірленуші әділдікке қол жеткізіп, қылмыскерлер лайықты жазасын алады деген сенім бар.