Назарбаев өрт салдарынан қаза болған балалардың отбасына көңіл айтты
Қазақстан Президенті Астана қаласындағы өрт салдарынан қаза болған балалардың ата-анасы мен туысқандарына көңіл айтты. Бұл туралы Zakon.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
"Кеше Астанада ауыр қайғылы оқиға болды. Өрт салдарынан бір отбасы бес бірдей перзентінен айырылып қалды. Қаза болған балалардың ата-анасы мен туысқандарына көңіл айтамын. Осыған байланысты мен Үкіметке және Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтановқа зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетуді тапсырдым.", - деді ол.
Сонымен қатар ол барлық өңірдің әкімдері құзырлы органдармен бірлесіп, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бақылауды күшейтуге, сондай-ақ тиісті тексерістер ұйымдастырып, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керектігі туралы тапсырма берді.
"Мұндай жағдай қайталанбас үшін барлық тиісті шараларды қабылдау керек",- деп түйіндеді президент.
Айта кеткен жөн, 4-ақпан күні түн орасында "Сарыарқа" ауданындағы "Көктал-1" тұрғын үй алаңында жеке тұрғын үйдің аумағында орналасқан уқытша құрылыс нысаны өртенген болатын. Нәтижесінде 2006, 2009, 2014, 2016 және 2018 жылдары туылған бес бала қаза тапты. Оларды көрші тұрған туысы құтқармақ болған, бірақ кеш қалған. Бұған дейін, Бақыт Сұлтанов балалардың қазасына байланысты шұғыл жиналыс өткізіп, қайғылы жағдайдың себеп-салдарын анықтауды тапсырғаны хабарланған болатын. 5-ақпан күні Астанада бақилық болған балалармен қоштасу рәсімі өтті. Өрт болған кезде олардың ата-аналары жұмыста болған. Құқық қорғау органдары оқиғаға қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Қыздардың ата-аналары жауапқа тартылулары мүмкін.