Сенаторлар сот жүйесін жаңғыртуға арналған заңдарды қабылдады
Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен ҚР Парламент Сенатының отырысында сот жүйесін жаңғыртуға арналған заңдар қабылданды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Сенаторлар "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Конституциялық заңды қабылдады.
Заңның мақсаты сот жүйесін жаңғырту, судья кадрларды сапалы дамыту және жаңарту болып табылады.
Конституциялық заң бойынша Жоғарғы Соттың және облыстық соттардың жалпы отырыстарының төралқалары жойылады. Облыстық соттың кеңейтілген жалпы отырысы енгізіледі, оған облыстық соттың судьялары және тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аудандық соттарының судьялары қатысады.
Облыстық соттың кеңейтілген жалпы отырысының құзыретіне жергілікті соттың екі судьясын Жоғарғы Соттың кеңейтілген жалпы отырысына жіберу мәселелерін қарауды, Жоғары Сот Кеңесінің, Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот жюриінің және Кадр резерві жөніндегі комиссияның, Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның құрамына судьялардың кандидатураларын қарауды және Жоғарғы Соттың кеңейтілген жалпы отырысына тиісті ұсынымдар шығаруды жатқызу ұсынылады.
Судьяларға қатысты тәртіптік істерді қарау үшін Жоғары Сот Кеңесінің жанынан Сот жюриі құрылады, ол алты судьядан, кеңесші дауыс беру құқығы бар жұртшылық өкілдерінен және судьялардың қатарынан Жоғары Сот Кеңесінің бір мүшесінен тұрады.
Заң жобасымен Сот жюриінің судьяға қатысты материалдарды қарауы үшін мынадай негіздер белгіленеді:
- Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы;
- облыстық соттардың және Жоғарғы Соттың жалпы отырыстарының шешімдері;
- тексерулердің қорытындысы бойынша расталған, бұқаралық ақпарат құралдарының жарияланымдарында қамтылған мәліметтер мен фактілер, жеке және заңды тұлғалардың жолданымдары;
- судья әдебі жөніндегі комиссиялардың шешімдері.
Заңмен аудандық сот төрағасының, облыстық сот төрағасының, сот алқалары төрағаларының және судьясының, Жоғарғы Сот судьясының және сот алқалары төрағаларының лауазымдарына кадр резерві енгізіледі, оны Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Кадр резерві жөніндегі комиссия қалыптастырады.
Отырыста сондай-ақ заңнамаға сот жүйесін жаңғырту мәселелері бойынша түзетулер қабылданды.
"Білім туралы" заңға Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Сот төрелігі академиясына қатысты құзыретін көздейтін толықтыру енгізіледі.
Сонымен қатар "Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сот Кеңесі туралы" заңға Жоғарғы Сот Кеңесінің судьяларды тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін немесе "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының талаптарын орындамағаны үшін атқаратын лауазымынан босату мәселелерін қарайтынын және Сот жүйесіндегі судья кадрларының жай-күйі туралы жыл сайынғы ұлттық баяндаманы қалыптастыратынын қарастыратын толықтырулар енгізіледі.
Заңмен Кеңестің заңгер-ғалымдар мен адвокаттар қатарынан шыққан мүшелерінің еңбегіне ақы төлеу де белгіленеді, ол Кеңеске республикалық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен жүргізіледі.
"Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" заңға Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты жанындағы Сот төрелігі академиясында оқуды бітірген және біліктілік емтиханын тапсырған адамдардың оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес соттардың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселесі жөніндегі уәкілетті органда және оның аумақтық бөлімшелерінде "Б" корпусының мемлекеттік əкімшілік лауазымдарына уәкілетті органмен келісу бойынша конкурс өткізілместен орналаса алатынын көздейтін толықтыру енгізіледі.