Полиция қызметкерлері далада аязда қалдырылған шақалақтың анасын іздестіріп жатыр
Алматы облысының полиция қызметкерлері Түрген ауылында аязда далада қалдырылған сәбидің анасын іздестіріп жатыр, деп хабарлайды Zakon.kz облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, жедел жәрдем қызметінің пультіне Түрген ауылы Құлмамбет көшесіндегі "Асар" дүкенінің маңынан жергілікті тұрғынның қар үстінде жатқан, жаялыққа оралған, кіндігі кесілген жаңа туылған сәбиді тауып алғандығы жайлы хабар келіп түскен. Дәрігерлер шұғыл жетіп, нәрестеге дәл уақытында медициналық көмек көрсетіп үлгерген. Қыз бала аман қалып, Есік қаласының перзентханасына жеткізілген.
Алматы облысы ПД аталған деректі растап отыр. Және тауып алынған баланың анасын іздестіру жұмыстарының жүргізіліп жатқандығы хабарланды.
"Полиция қызметкерлерімен тауып алынған сәбидің анасын анықтау бойынша жедел іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 199 "Қауіптілікте қалдыру" бабына сәйкес сот алды тергеу жүргізілуде. Іс Еңбекшіқазақ ауданының полиция қызметкерлерінің өндірісінде", - деп хабарлап отыр облыстық ПД баспасөз қызметі.