Полицейлер қоғамға жақындай түсті
Алматы облысы Полиция департаментінің басшысы полиция генерал-майоры Мұрат Ұрұмханов әлеуметтік желіден өз парақшасын ашты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Тәртіп сақшылары өз қызметтерінің ашықтығын дәлелдеу бағытында нақты қадамдар жасауда.
Облыстық полиция басшысы өзге облыстардағы әріптестерінің арасынан алғашқылардың бірі болып әлеуметтік желіде (Facebook) өз парақшасын ашты және өңір тұрғындарын ашық диалогқа шақырды.
Сонымен қатар, полиция генералы қызметтік тікелей телефон нөмірін жариялап, "тікелей желіде" азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдауға дайын екенін жеткізді.
"ХХІ ғасыр – жаңа технологиялар мен интернет ғасыры. Барлығымыз да уақыт талабына сәйкес әрекет етуіміз қажет. Белсенді болу, азаматтармен диалог құру, әсіресе әлеуметтік желілерде байланыс орнату – заманауи талап. Осыған орай, Facebook желісіндегі менің атыма ашылған парақша ашық диалог құруға және халықпен келелі байланыс орнатуға көмектесетіні анық. Сондай-ақ, тығыз қарым-қатынас орнату үшін азаматтар полиция қызметін одан әрі жақсарту туралы ұсыныстарын 8-7282-608001 нөмірі арқылы маған тікелей қоңырау шалу арқылы айта алады", - деп атап өтті Мұрат Ұрұмханов парақшасындағы алғашқы постында.
Сонымен қатар, полиция басшысы өзінің және орынбасарларының Департаменттегі, Құқық қорғау қызметі орталығындағы және "Нұр Отан" партиясындағы азаматтарды қабылдау кестесі туралы айтты.