Алматылық ғалымдар экологиялық жобаны қолға алды
Алматы қаласының экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ғалымдары бірегей экологиялық жобаны қолға алды. Бұл туралы оқу орнының Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Жандар Асан мәлімдеді, деп жазады Zakon.kz.
Қыздар университетінің 75 жылдығына орай ұйымдастырылған шараға университеттің белгілі түлектері мен ұжымының қатысуымен жүзеге аспақ.
– Жоба барысында оңтүстік астанадағы ауа бассейні ластану деңгейі жоғары аймақтарда арша, емен, үйеңкі, акация, бозарша және сирень ағаштарының көшеттері отырғызылады. Бұл өскіндер университеттің Жаратылыстану факультетінің базасындағы арнайы зертханада ең арзан әдістеме арқылы өсіріліп, күтіп-бапталған, – деп атап өтті Жандар Асан.
Бұған дейін Алматы қаласындағы Медеу шатқалында 1000-нан астам ағаш отырғызылған болатын. Енді аталған шара қаланың өзге де аймақтарында жүзеге асырылмақ. Бірегей жоба болашақта еліміздің аумағында күтілетін қуаңшылық, аптап ыстық пен табиғи апаттардың алдын алуға септеседі және жастарды экологиялық патриотизмге тәрбиелейді.