Елордада заңсыз ойын бизнесімен айналысқандардан 13 млн теңге салық өндірілді
Прокурорлық тексерістің нәтижесінде елорданың Байқоңыр ауданында 6 млн теңгеге жуық салық сомасын төлеуден жалтарып жүрген тіркелмеген 8 букмекерлік кеңсенің жұмыс істеп келгені анықталды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының прокуратурасы хабарлады, деа жазады Zakon.kz.
Бүгінгі таңда қадағалау шараларымен мемлекет пайдасына 2 млн теңгеден астам қаражат өндірілді.
Бұдан бөлек салық төлеу объектілерін салық органдарында тіркемей қызмет еткен 19 заңсыз ойын автоматтары, сондай-ақ 18 компьютерлік және 11 бильярд клубтары айқындалды.
Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғандарға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, қылмыстық іс сотқа жолданды.
Салық төлеу объектілерін жасырып, тіркеусіз қызмет етіп жүрген кәсіпкерлерден салықтық төлемдерді өндіру мақсатында Нұр-Сұлтан қаласының "Байқоңыр" ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасына 3 қадағалау актісі енгізілді.
Нәтижесінде, 100-ден астам компьютер мен 19 бильярд үстелі есепке алынып, 3 букмекерлік кеңсе тіркелді және олардан 13 млн теңге көлемінде салық өндірілді.