Заңдарды ізгілендіру жүйелі болуы керек – Н.Нығматулин
24 сәуірде Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтіп, онда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды Zakon.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Заңнамалық құжатты талқылау барысында депутаттар құқық бұзушылық әрекеттер үшін жауапкершілікті күшейту немесе ізгілендірудің нақты өлшемдерін белгілеуге қатысты бірқатар мәселелер көтерді.
Соның ішінде, бюджетті тиімсіз игеруге, жол-көлік оқиғасы орын алған жерді тастап кетуіне байланысты жазаны анықтауға қатысты нақты талаптар қажеттілігі айтылды.
Осы ретте, Н.Нығматулин:
– Жұмыс тобы заң жобасын әзірлеушілермен, сондай-ақ, құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп, екінші оқылымға дейін бюджеттік қаржылардың тиімсіз пайдаланылғандығын анықтау үшін барлық шараларды әзірлеу қажет. Ол осы Кодекс аясында мемлекеттік бюджеттік қаржыларды игеру барысында мемлекеттік органдар әкімшілік бағдарламаларының бірінші басшылары үшін жеке жауапкершілікті анықтауға мүмкіндік береді, – деді.
Депутаттар сондай-ақ, сапасы төмен туристтік қызмет көрсеткені үшін туроператорды лицензиясынан айыру немесе қызметін тоқтатуды қарастыратын норманың дұрыстығы туралы мәселе көтерілді. Сонымен қатар, Мәжіліс Төрағасы Мәдениет және спорт министрлігінің осы сұрақ бойынша бойынша ұстанымының көмескілігіне назар аударды.
Мәселен, спорттық жарысты ұйымдастырушылар мен спортшыларды сатып алғаны үшін айыппұл көлемін 200-ден 100 АЕК-ке дейін төмендету, сондай-ақ осы құқық бұзушылық үшін әкімшілік қамақ қолдануды алып тастау туралы айтылды.
Осы орайда, басқа заң жобаларында спорттағы тыйым салынған әдістерді пайдаланғаны үшін жауапкершіліктің күшейтілетінін еске салған Мәжіліс Төрағасы:
– Енді "келісілген жеңістер үшін" жауапкершілікті төмендету ұсынылып отыр. Сонда дәйектілік, бірізділік қайда? – дей келіп, осы мәселені тиісті мемлекеттік органға бүге-шүгесіне дейін пысықтауды тапсырды.
Отырыс барысында депутаттар Әкімшілік құқық бұзушылыққа өзгерістерді Кодекстің өзінің жүйелілігін бұзбау үшін жеке заңмен енгізуді ұсынды.
Нұрлан Нығматулин депутаттардың түзетулерін қолдай отырып, жылына Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне жыл сайын 10-15 рет түзетулер енгізілетінін және олар көбінесе ілеспелі заң жобаларын қамтитынын атап өтті.
Осы ретте, құқыққорғау және сот органдары үшін жүйелілік пен жоспарлылықтың маңызды екенін алға тартқан Нұрлан Нығматулин Әкімшілік құқық бұзушылыққа енгізілген өзгерістердің барлығын бір заң арқылы жүзеге асыру Үкіметке заң жобаларын дайындау барысында дәйекті жоспар құруға жол ашса, ал депутаттар үшін осы заң жобаларымен жүйелі жұмыс істеуге мүмкіндік беретінін айтты.