Тоқаевтың жеңісіне Назарбаевтың саяси технологтары көмектеседі

Саясаттанушы Ербол Еділов өзінің Telegram-каналында сайлауалды үгіт-насихатқа дайындық жайында ой қозғады, деп хабарлайды Zakon.kz.
– Кандитаттың бағдарламасы басқа жерде жазылатыны белгілі. Оны жазумен Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңесшілері айналысып жатқан болар. Ержан Бабақұмаров, Ерлан Қариндер сол үшін кеңесші қызметіне тағайындалған. Бірақ ұйымдастыру жағы толықтай партияға жүктеледі.
2015 жылы билік партиясынан сайлауға Нұрсұлтан Назарбаев түскенде оның штабын ҚР Президенті кеңесшісі қызметін уақытша тастауға мәжбүр болған Мұхтар Құл-Мұхаммед басқарды. Бір қызығы, сол кезде "Nur Otan" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек болатын. Бірақ ол кезде бұл миссияны Байбекке сеніп тапсырмаған.
Бұл жолы Тоқаевтың штабын Мәулен Әшімбаев басқаратын шығар. Ол тәжірибелі идеолог және саяси технолог. Ол Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары болып жүргенде 2007 жылғы парламент сайлауына және 2011 жылғы президенттік науқанға жауап берген, – деп санайды Ербол Еділов.
Оның пікірінше, сайлау үрдісінің ортақ үйлестірушісі болып мемлекеттік хатшы Марат Тәжин қала береді.
– Соңғы кездері "Nur Otan" өзінің ішкі кадрлық ауыс-түйістерінің бәрін жария ете бермейтін болды. Мәселен, өткенде орталық аппарат жетекшісі болып Юрий Черкасов деген біреу тағайындалды. Оны көпшілік танымайды. Оны Тәжиннің адамы деп санауға болады, талай жыл соның жанында жүр.
Черкасов – сайлау мәселелерінің тәжірибелі маманы. Саяси әлеуметтанушының нақ өзі ол. Оның негізгі жұмысы 1998-2005 жылдарға келген болатын.
Оның еңбек жолы қазіргі мемлекеттік хатшымен тікелей байланысты.
1998-2001 жылдары Черкасов Тәжиннің қарамағындағы Президент әкімшілігі мен Қауіпсіздік кеңесінде жүрді. 2006 жылы Президент әкімшілігінің әлеуметтік-саяси бөлім меңгерушісінің бірінші орынбасарлығына Черкасовты сол кездегі ПӘ жетекшісінің орынбасары Мәулен Әшімбаев шақырған болатын.
Черкасов Қазақстан әлеуметтанушылары қауымдастығының басқарма мүшесі, оны 2002 жылы Тәжин құрып, өзі басқарып келеді. 1998-2005 жылдары Черкасов кандидаттар рейтингін өлшеп, Нұрсұлтан Назарбаевтың имиджімен айналысқан.
– Черкасов 1999 және 2005 жылғы сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевтың республикалық қоғамдық штабында ерен еңбек етті. Оның имидждік стратегиясын әзірлеген. Сондай-ақ, 2000 жылы Қырғызстандағы сайлауда президенттікке кандидат Асқар Ақаевтың сайлауалды штабында кеңесші болған. Осылайша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлаудағы жеңісіне Тәжиннің шәкірттері күш салады, олар бұған дейін талай рет сайлауларда Нұрсұлтан Назарбаевқа жеңіс әперген адамдар, – дейді Еділов.