Тобырды транстан шығармай отыр – қазақтың басы бірікпейтінін билік біледі

"Біз электорат дәрежесінен әрі аса алмаған қоғамбыз, соны білуіміз керек", деген ойын ортаға журналист Қанат Ескендір тастады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Оның пайымынша, дәл қазіргі шашыраңқы қазақ қоғамында әділ сайлау болмайды.
– "Жүз жерден "әділ сайлау, еркін таңдау" деп айғайлағанымызбен, ол болмайтынын түсінгеніміз жөн. Өйткені, біз әлі тобыр деңгейіндегі жүздеген-мыңдаған адамдардың шашыраңқы тобы ғанамыз. Оны жоғарыдағы политтехнологтар тап басып біліп, осы транстан шығармау үшін барлық "жағдайды" жасап отыр.
Оппозиция дейміз, ол жоқ бізде! Оппозиция болу үшін біз Түркия секілді, Украина секілді тұтас масса болуымыз керек. Басы біріксе, көкжиекті жауып тастайтын қалың бұқара! Халықтың санымен де, саяси сапасымен де. Бізде ол жоқ!
Көп ретте "оппозиция" деп атап, өзімізді жұбатып жүрген аз ғана топ өкілдері мен қадау-қадау баскөтерерлеріміздің өзін "ойбай, биліктің адамы екен", "несін айтасың, арнайы қызметтің тапсырмасын орындайды екен" деп күдік пен күңкілге іліндіріп жатамыз. Ауызбірлігі жоқ шашыраңқы қоғам мен тобыр жайлаған жерде ешкім ішек-қарынын ақтарып тастап, "уай, мен елім үшін оппозиция боламын!" деп шыға алмайтынын қаперге ілмейміз.
Бір сөзбен айтқанда, біз өз арамыздан шыққан лидер үшін ерен қабырға болып тұра алмаймыз, лидер болғысы келетін тұлға артында демеу берер елі тұратынына мүлдем сенбейді...
Кейде әрнені ойлап жатамын да, 30 жылда өз ішімізден кемі 7-9 миллион қазақ қосылып, көбейе алмағанымызды – 50-60 миллион халықты басқаруға тәуекел ете алмайтындар баскөз болған заманға тап келгенімізге налимын...
"Заман да өзгерер, Қазақ та көгерер" деп қоям сосын...", – деп жазады Қанат Ескендір.