Оңтүстік астанада бұрын-соңды кездеспеген кеселмен туылған сәбиге ота жасалды
Алматылық дәрігерлер бұрын-соңды кездеспеген кеселмен туылған сәбиге ота жасады, деп хабарлайды Zakon.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Шақалақтың мұрнына жабысып шыққан ісік медицинаға беймәлім. Онымен қоймай, сәт сайын өскен. Ақыры кісі жұдырығындай боп үлкейген соң алты күндік нәрестеге жедел түрде ота жасатуға тура келді.
Ал отаны бес бірдей хирург жұмылып жасады. Ісік бала туылғанда түйірдей ғана болған екен. Алайда, небәрі алты күннің ішінде жұдырықтай боп өсіп шыға келген. Кеселдің кесірінен сәби өздігімен тыныстай да алмай қалған. Сондықтан да, өміріне шұғыл түрде араша түсуге тура келді дейді дәрігерлер. Жаңа туылған нәрестеге ота жасаған ақ халаттылар мұндай ісікті бұрын-соңды көрмегендерін айтады. Белгілі болғандай, мида пайда болған өсінді мұрын арқылы сыртқа шыққан. Дәрігерлер бұл жатырда жатқанда жұқтырған вирустық инфекцияның салдары болуы мүмкін дегенді айтады. Төрт сағатқа созылған ота сәтті аяқталды. Жарық дүниеге келе сала қауіпті кеселмен күрескен қызға ата-анасы әлі ат қоймаған. Қазір шақалақ толық сауығып, бірер күнде ауруханадан шығарылады.
Дінмұхамед Рузуддинов, Балалар шұғыл жәрдем ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
- Біздің де қорқынышымыз болған. Дегенмен бәрі сәтті аяқталды. Енді анасы күніге кіріп тұрады. Анасының қуанышында шек жоқ. Бізде қуаныштымыз.