Қыздар университетінде республикалық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде "Жас маман" республикалық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Шараға 700-ге жуық студент пен 150-ден астам жұмыс беруші қатысты. Бұл туралы оқу орнының Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Жандар Асан хабарлады, деп жазады Zakon.kz.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен Қыздар университетінің ұйытқы болуымен тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған жәрмеңке педагогикалық мамандықтар бойынша білім алған түлектерді жұмыспен қамтуға арналған. Бастама жастарға бүгінде білім беру ошақтарында қай сала мамандарына сұраныс көп немесе тапшы екендігін және еңбек өтілінсіз жұмысқа орналасуға болатындығын анықтауға септеседі. Сондай-ақ шара "дипломмен – жұмысқа" жоспарын жүзеге асыруға мүмкіндік бермек. Жоғары және орта арнаулы оқу орындары, қалалық, аудандық білім басқармалары, жалпы білім беру ұйымдары мен Назарбаев зияткерлік мектептерінің қызметкерлері қатысқан жиынды Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Стратегиялық даму және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Ләззат Бөлебаева ашып, ұстаздар даярлайтын оқу орнының бітіруші түлектерін жұмыспен қамту орайында өткізіліп отырған шараның мәні мен маңызына кеңінен тоқталды.
– Жәрмеңке отандық педагогикалық жоғары оқу орындарының бірыңғай қазақстандық білім беру кеңістігін қалыптастыру, жастарды жұмысқа орналастыру мәселесі бойынша ортақ диалог алаңын құру, оларға жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы ақпарат беру және түлектерді тұрақты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру"атты Жолдауында жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты критерийі – оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы екендігін атап өтті. Осы орайда педагогикалық мамандықтар бойынша бос жұмыс орындары жәрмеңкесі жастар арасында жұмыссыздық мәселесін оңтайлы шешудің механизмі болып отыр, бүгінде, – деп атап өтті Ләззат Бөлебаева.
Ал Оқу және оқу әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректор Қайрат Жүніс Қыздар университетінің қол жеткізген жетістіктері жайында сөз қозғап, білім ордасы мен жұмыс берушілер арасындағы байланысқа назар аударды.
– 2018 жылғы Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіздік агенттігі қорытындысы бойынша Қазақстанның үздік 20 жоғары оқу орнының жалпы рейтингінде университет 7-орынды иеленсе, "Білім беру" бағытындағы мамандарды даярлау бойынша 2015 жылы 1-орынға, 2016, 2017, 2018 жылдары 2-орынға қол жеткізді. Университет нарық сұранысын ескере отырып, білім бағдарламаларының мазмұнын жаңарту мақсатында жұмыс берушілермен, Назарбаев университеті, Назарбаев зияткерлік мектептерімен және жалпы орта білім беру мекемелерімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Жыл сайын білім беру бағдарламасы бойынша арнайы жұмыс тобы құрылып, әр жаңа оқу жылына жұмыс берушілердің, студенттердің сұранысы бойынша оқу бағдарламалары 30 пайызға жаңартылып отырады, – деді өз сөзінде Қайрат Жүніс.
Сонымен қатар басқосу барысында Халықаралық Silkway университетінің Академиялық істері жөніндегі проректоры Акмалдин Ажидинов, Атырау облыстық білім басқармасының басшысы Жансұлу Төремұратова, Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі директорының орынбасары Эльмира Иманбекова және өзге де білім беру ұйымдарының басшылары сөз сөйлеп, жастарды жұмыспен қамтамасыз ету бойынша өзекті мәселелерді ортаға салды.
Жәрмеңкеде жұмыс берушілер өз мекемелеріндегі бос жұмыс орындарын ұсынды. Студенттер бұл мүмкіндікті пайдаланып түйіндемелерін жолдады. Сондай-ақ білім, ғылым, өнер және спорттағы жетістіктері жайлы арнайы портфолиолар көрмесін өткізіп, презентация жасады.
– Бос жұмыс орындар жәрмеңкесін ұйымдастыру жас мамандарға ғана емес, жұмыс берушілер үшін де маңызды. Жастар өздерін қызықтыратын бос орындар туралы мәлімет алуға, ал біздер үшін түлектердің іскерлік қасиетін бағалауға мүмкіндік тудырады. Мәселен, Атырау облысына физика, дефектология, информатика, орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері қажет. Осы тақілеттес шаралар арқылы түлектерге ақпарат бере аламыз. Орта мектепке қызметке орналасқан жас маманға тәжірибесі мол ұстаздар бағыт-бағдар беріп, жұмысының қыр-сырын терең меңгеруіне әрқашан қолұшын көрсетеді. Сондықтан жастар жұмыс істеуге деген ынта-ықылас танытса, біз өз тарапымыздан әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз, – дейді Атырау облыстық білім басқармасының басшысы Жансұлу Төремұратова.
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру мен мансап бөлімінің ақпаратына сүйенер болсақ, жәрмеңке педагогикалық, гуманитарлық, жаратылыстану және өнер саласында мамандар даярлаудың жекелеген бағыттары бойынша ұйымдастырылды. Шара аясында "Еңбек нарығындағы сұраныс және әлеуетті жұмыс берушілермен ынтымақтастық" тақырыбында да жиын өтті. Алқалы басқосуда жоғары оқу орындарының өкілдері мен жұмыс берушілер түлектерді жұмыспен қамтудың мәселесін талқылап, өзара келісім жасады. Сондай-ақ "Head hunter" компаниясының өкілдері тақырып турасында және мансапты құру мақсатында арнайы шеберлік сыныбын жүргізді.
Статистикалық мәліметтер бойынша, өткен оқу жылында университетті 1548 студент тәмәмдап, олардың 95 пайызы жұмысқа орналасқан. Ал 2017 жылы "екі қолға бір күрек тапқандардың" үлес салмағы 88 пайызды құрайды.