Нығматулин Словакия елшісін қабылдады
Бүгін, 28 мамыр күні, Палата Төрағасы Нұрлан Нығматулин Словак Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Милан Колларды қабылдады, деп хабарлайды Zakon.kz ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту төңірегінде ортақ ойларымен бөлісті.
Мәжіліс Төрағасының пікірінше, Қазақстан Словакияны Орталық Еуропа, жалпы Еуропалық Одақ ішінде маңызды әріптестердің бірі ретінде қарастырады. 25 жыл ішінде қос мемлекет арасында сенімді саяси диалог, қажетті құқықтық база қалыптасып, сауда-экономикалық әрі мәдени- гуманитарлық ынтымақтастық үшін қолайлы жағдай жасалды.
Н. Нығматулин біздің еліміз Еуропа мен Азия арасындағы байланыстырушы көпір іспетті екенін алға тарта келіп, Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы "Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы Келісім" байланысты тереңдеті үшін үлкен мүмкіндік екенін айтып, өзара тиімді жобаларды бірлесе жүзеге асыру біздің елдеріміздің сауда-инвестициялық бағытына жаңа серпін беретінін баса айтты.
Өз кезегінде М. Коллар Қазақстанда басталған қызу саяси науқанға көңіл бөліп, Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастамаларының жалпы Еуразиялық кеңістік үшін өте маңызды екеніне тоқталды.
Кездесу барысында Мәжіліс Төрағасы парламентаралық байланысты күшейтуге баса назар аударып, осы орайда, бейінді комитеттер мен парламентаралық топтар шеңберінде іс-сапарлар арқылы заңнамалық тәжірибе алмасуды одан әрі ынталандыру қажеттілігін айтты.