Тоқаев Атырау облысының жұртшылығымен кездесті
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысының жұртшылығымен кездесті, деп хабарлайды Zakon.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы мәслихат депутаттарымен, қоғамдық кеңес мүшелерімен, зиялық қауым, ардагерлер, кәсіподақтар мен жастар ұйымдарының өкілдерімен, мемлекеттік қызметшілермен кездесті.
– Атырау облысы – мәдени және адам әлеуеті мол аймақ. Өңірдің жетістіктері жергілікті халықтың өмір сүру сапасы мен табысының өсуіне ықпал етуі тиіс. Әкімдік, үкімет, бизнес – бәріміз осыған баса назар аударуымыз керек, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы өңір халқының әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз етуге, отандық өндірушілерді дамыту үшін мұнай-газ секторының әлеуетін барынша пайдалануға көңіл бөлді. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке үш ірі жоба аясында өнімдерді сатып алу және қызмет көрсету ісіндегі отандық тауарлар мен жергілікті мамандардың үлесін көбейту, шетелдік және отандық жұмысшыларды бірдей еңбекақымен қамтамасыз ету жөнінде жүйелі жұмыс жүргізуге тапсырма берді.
– Азаматтарымыз сапалы білім алып, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы үшін барлық жағдайды жасауымыз керек. Отандық кәсіпкерлерге де айтарым бар. Мемлекеттің және кез-келген компанияның ең басты байлығы адам екенін ұмытпаңыздар. Бастысы – жаңа жұмыс орындарын ашу, жұмысшылардың жалақысын арттыру, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті экономика саласын әртараптандыру, соның ішінде полиэтилен, полипропилен өндіру және балық шаруашылығын дамыту жөніндегі жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне тоқталды.
– Жергілікті экономиканың мұнай-газ және мұнай-химия кешендерінен басқа да салаларын дамыту қажет. Өңірдің балық өнеркәсібін қалпына келтіру және осы секторға инвесторлар тарту керек. Қабылданған шаралардың нәтиже бермей жатқанын көріп отырмыз. Біздің азаматтар нақты істер күтеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі және әкімдік бұл мәселеге баса назар аударуы керек, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын үй, экология және көлік инфрақұрылымы мәселелерін шешуге ерекше тоқталды.
– Нағыз сапалы жол қандай болуы керек? Ең алдымен, сол жолды пайдаланатын тұрғындарды діттеген жеріне жылдам жеткізетін қауіпсіз жол болуы тиіс. Жөнделген жолдың саны емес, сапасы маңызды! Әкімдіктердің жұмысын осы талапқа сай бағалайтын боламын. Мысалы, қазір Индер мен Миялының арасындағы 120 шақырымды жүріп өту үшін 5 сағат керек. Ал жөндеуден кейін бұл аралықты 1,5 – 2 сағаттың ішінде жүріп өтуге болады, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы ел бюджетін жоспарлау кезінде трансферлердің әділ бөлінуі мен жемқорлыққа қарсы жұмыстарды күшейту туралы да айтты.
Кездесу соңында Қазақстан Президенті қатысушыларды Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күнімен және қасиетті Рамазан айының аяқталуымен құттықтап, табыс пен бақ-береке тіледі.
Мемлекет басшысы атқарған мінсіз еңбектері үшін бірқатар азаматты алғыс хатпен марапаттады. Олардың арасында Атырау облыстық ауруханасының хирургиялық бөлімнің меңгерушісі А.Дүсіпов, "Болашақ К" қоғамдық бірлестігінің менеджері Г.Жұмабаева, мұнай және газ өңдеу цехының операторы Н.Ерғалиев, "Амангелді атындағы" балық шаруашылығы өндірістік кооперативінің жетекшісі У.Есалиев және Атырау қалалық №17 орта мектеп лицейінің математика пәнінің оқытушысы С.Ерошенко бар.