"Астананың" бұрынғы ойыншысы футболшылардың жалақысы туралы айтып қойды
"Астананың" бұрынғы ойыншысы Аздрен Лулаку Румынияның Prosport басылымына астаналық клубта легионерлердің айлығы қанша екенін, Чемпиондар лигасындағы ойындар үшін алатын сыйақыларының мөлшерін айтып тастады, деп жазады vesti.kz.
"Шетелдік ойыншылар айына шамамен 60 мың евро алатын. Сосын Чемпиондар лигасындағы сыйақылары өте жоғары. 30-40-60 мыңнан береді. Чемпиондар лигасына шыққаны үшін әр ойыншы 100 мың евродан алады, әрбір жеңіс үшін – әр ойыншыға 15 мыңнан береді", – деп атап өтті 31 жастағы Лулаку.
Ал Лулакудың өзі 2016 жылдың желтоқсанында "Астанамен" айына 40 мың евролық жалақымен екі жылдық келісімшарт жасасқан. Алайда команданың ойын концепциясына кіріге алмай, 17 ойында жалғыз ғана гол соқты. Нәтижесінде 2017 жылдың шілдесінде 31 желтоқсанға дейін "Тобылға" арендаға кетті. Бірақ Қостанайда да жөнді ойнай алмай, 13 матчта доп соға алмай кетті. Маусым аяқталған соң албаниялық легионер Қазақстаннан кетіп қалған. Қазір ол румыниялық "Астра" клубында ойнайды.
"Астана" биылғы Чемпиондар лигасының алғашқы іріктеу кезеңінде Румынияның ЧФР клубымен кездеседі.