Арыстың 130 баласы Павлодарға келіп жетті
Бүгін 27 маусым күні 130 бала мен тоғыз тәрбиешісі бар ұшақ Павлодар әуежайында қонды. Облыс жалпы саны 300 арыстық баланы қабылдауға әзір, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.
Әрі қарай жарылыстардан зардап шеккен жас жеткіншектер Баянауылға "Жас дәурен" демалыс базасына бет алады
Естеріңізге сала кетсек, оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстардан зардап шеккен Арыс қаласының балаларын Павлодар облысына демалуға өңір басшысы Болат Бақауов шақырған болатын.
Павлодар әуежайында Арыстан келіп жеткен жас жеткіншектерді облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов пен облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы қарсы алды.
- Арыс балаларына павлодарлықтардың қонақжайлығын, жергілікті Жасыбай, Сабындыкөл мен Торайғыр көлдерінің, жалпы табиғатымыздың сұлулығын танытуымыз қажет, - дейді Асхат Оралов. – Оған қоса, қонақтарымыз біздің өңірдің бай тарихи-мәдени мұраларымызбен танысуы керек. Облыс басшылығы атынан сіздерге осы 15 күндік демалық мазмұнды, қызықты өтуіне тілек білдіреміз. Біз, өз кезегімізде, сіздерге барынша жағдай жасауға тырысамыз.
Арыс қаласының алтыншы, жетінші сынып оқушыларын Баянауылдағы "Жас дәурен" лагерінде орналастырады. Дінислам Болатханұлының сөзіне қарағанда, балалардың демалысы өздерінің және ата-аналарының ынта-тілектеріне байланысты. Бастысы – балалардың көңілдерін апаттан аудару.
Жас жеткіншектермен бірге Шымкенттен келген педиатр-дәрігер Снежанна Савичтің айтуынша, балалардың көбісі ұшаққа бірінші рет мініп, оны да бір үлкен аттракцион деп қабылдады. Балалардың көңіл-күйлері жақсы.
- Жарылыстарды көрдік. Оларды ести сала қаштық. Ата-аналарымызбен бірге машинаға мініп, Шымкентке келіп мешітте, содан соң мектепте түнедік. Бәріміз аманбыз. Павлодар облысының әкімі Арыс балаларын жазғы лагерьге шақырғанын естіп қуандым. Бірден ата-анамнан Павлодарға баруды өтіндім. Олар рұқсат беріп, осында келдім, - дейді Нұрлан Бейсембек.
Нұрлан Бейсембек Павлодарға бірінші рет келіп отыр. Айтуынша, демалыс жақсы өтеді деп сенеді.
Балалармен бірге облыс орталығына мұғалімдер, әлеуметтанушылар мен тәрбиешілер келіп жетті. Демалыс базасында Павлодар педагогикалық университеттің еріктілері жұмыс істейді.
Облыстық білім беру басқармасында хабарлағандай, Арыс балалары үшін төрт лагерь: Баянауыл ауданындағы "Жас дәурен", Шарбақты ауданындағы "Чайка", Павлодар ауданындағы "Балдәурен" және Беловка ауылындағы "Қазхром" лагерлері жұмыс істейді.
Оған қоса, оңтүстіктен келген балаларға өңіріміздің тарихи орындарын көрсету жоспарлануда.
Арслан Ғалымбек